Балалардың медициналық-әлеуметтік мекемелерін тексеру шарасы екі аптада аяқталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда балалардың арнайы медициналық-әлеуметтік мекемелерінің жұмысы алдағы екі аптада толық тексеріліп болады.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице- министрі Ерлан Әукенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің, басқа да жауапты мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен балалардың арнайы медициналық-әлеуметтік мекемелерінің жұмысы тексеріліп жатыр. Нақтырақ айтқанда ол орталықтардағы заңнаманың сақталуы қатаң қадағаланады. Бүгінге, яғни 20 қарашаға дейін балалардың арнайы медициналық-әлеуметтік мекемелерінің 20-ның 18-ін тексердік. Атап айтқанда ең бірінші тексеру жұмыстарын шу шыққан Аягөз ауданынан бастадық. Алдағы екі аптаның ішінде бұл тексеру жұмыстарын аяқтаймыз. Мониторинг топтарының жұмысын қорытындысы бойынша жинақталған ақпаратты халыққа таратамыз», - деді Ерлан Әукенов «Балалық шақты қорғау жүйесінің тиімділігі және баланың әл-ауқаты: мемлекет пен азаматтық қоғамның бірігуі» тақырыбында баспасөз мәслихатында.

Еске сала кетсек баспасөз мәслихатында ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин балалардың шығармашылық және спорттық үйірмелерінің тегін болуын шектеп тұрған кедергілерді атаған еді.

Оның айтуынша, балаларға тегін үйірме ұйымдастыруға әкімдіктер ыңғай таныта қоймаған, яғни бюджеттен бұл мақсатта қаражат бөлгісі келмей отыр.

Естеріңізге сала кетсек, осы жылдың мамыр айында Аягөздегі әлеуметтік көмек орталығында 4 баланың қайтыс болғандығы хабарланған еді.

ҚР Ішкі істер министрлігі істің тергелуін өз бақылауына алды. Осы оқиғадан кейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еліміздің әр өңірінде орналасқан медициналық-әлеуметтік көмек көрсететін 113 мекемеге тексеру жүргізілетінін мәлім етті. Оның ішінде Аягөздегі балаларға арналған арнайы әлеуметтік көмек орталығы бар.


Соңғы жаңалықтар