Валюта бағамдары:
    usd/kzt 472.17 eur/kzt 495.5

    rub/kzt 7.57 cny/kzt 67.74
Ауа райы:
Астана-15-17℃
  Jańalyqtar  >

Балалардың кітап оқуға ден қойғаны қуантады – қызылордалық мұғалім

2022 жылғы 2 қазан, 18:29

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық ұстаз Ержеңіс Әбдінің балаларға арналған «Ержеңістің ерекше есептері» атты жұмбақ өлеңдері топтастырылған кітап осыдан бірнеше жыл бұрын жарыққа шықты. Аталған кітап оқырман тарапынан үлкен сұранысқа ие болып, республика аймағына жылдам тарап кетті. Облыс орталығындағы С.Толыбеков атындағы №3 ІТ мектеп-лицейінің математика пәнінен сабақ беретін ол айтыс ақыны ретінде де елге кеңінен танымал, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

- Бүгінде балалар арасында кітап оқуға деген қызығушылық тым төмендеп кеткенін жасыра алмаймыз. Осындай уақытта сенің қаламыңнан туған дүниенің зор сұранысқа ие болғаны қуантады. Ақпараттық технология дамыған дамыған заманда көпшілік тарапынан сенің кітабыңа сұраныс артуының сыры неде деп ойлайсың?

- Рас, бұл - шын әңгіме. Балалар емес, ересектердің өзі кітап оқуға құлықты емес. Түрлі себепті желеу етеді. Жалпы, кітап жаныңа серік болатын құнды қазына.

Сан алуан игіліктерге бастайды. Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде кітап оқу дәстүрі әлі күнге дейін толық сақталып келеді. Ендеше, өркениетке қалам басамыз десек құнды қазынаны бағалай білейік.

Қазір кітап дүкеніне бара қалсаңыз, өзге елдерден келген шығармалардан көз сүрінеді. Ал қазақшасы тым сирек. Бұл кітапқа жанашыр әрбір азаматты ойландырады. Аталған жағдай менің де жаныма батып жүретін.

«Ержеңістің ерекше есептері» деген кітап әрі өлең, әрі есеп түрінде жазылған. Оған қоса тақырыпқа сай түрлі-түсті суреттермен безендірілген.

Кітап көпшіліктің қызығушылығын тудырып, республика көлеміне тың тәжірибе ретінде тарады. Баланың танымдық белсенділігін дамытудың психологиялық-педагогикалық аспектілері тармағына жататын әдістемелік құрал ретінде пайдаланылып жүр.

- Қазір елімізде балаларды кітапқа оқуға баулу мақсатында арнайы жобалар жүзеге асып жатыр. Білім саласында бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

- 2020 жылы Білім және ғылым министрлігі тарапынан «Оқуға құштар мектеп» жобасын бекітілді. Аталған жобаның пайдасы орасан деп санаймын. Сол арқылы мектеп кітапханаларын қажетті кітаптармен толықтыру жоспарланды.

Ұстаздар алдында оқушыларды кітап оқуға қалай баулуға болады деген сауалдар тұрды. Біз бұл бағытта нәтижелі жұмыс атқардық. Бүгінде өзім қызмет атқаратын №3 IT мектеп-лицейінде оқушылар кітап оқуына ден қойғаны қуантады.

Осы мақсатта жұмыс жалғасып келеді. Жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында нәтижелі жұмыстар атқарылып келеді.

- Осы мақсатта қандай жұмыстар жүргізілді? Соған тоқтала кеткеніміз артық болмас.

- Мектептегі коворкингте «Рухани қазына» деген үйірмесі бар. Алғашқыда шағын ғана кітап оқуға қызығушылық білдірді. Ал бүкіл мектепті қамтудың қиын тиді. Бұл бағытта «Алтын кітап» кубогін ұйымдастырылды. Ол арқылы оқуға құштар жас өрендер санын арттыруға жол ашылды.

- Қазір өмірімізге енген «коворкинг» ұғымы ұжымда қандай мәнге ие болды? Оның артықшылығы қандай?

- Айта кетерлігі, ол бірлесіп жұмыс істеу дегенді білдіреді. Өңірдегі көпетеген кітапханада коворкинг орталықтары бар. Оның оқырман үшін жақсы жағы көп. Ол жергілікті тұрғындар үшін зияткерлік демалыс орнына айналады.

Мектептегі коворкингте арнайы топ құрылды. Оған мектеп мұғалімдері тартылды. Аталған топқа өзім жетекшілік етемін. Нәтижесінде, кітап оқу дағдысы қалыптастыру бағытында жоспарлы шаралар жүргіздік.

- Қазірге дейін қандай жобалар жүзеге асты?

- «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «20 минут кітап оқы» акциясын өткіздік. Ал 5-7 сыныптарға Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Қарлығаштың ұясы» және жас қаламгер Айзат Рақыштың «Ақ арман алдамайды» повесі ұсынылды.

Ал, 8-10 сынып оқушыларына Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы, Мұқтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» және башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметовтің «Тастамашы, ана» шығармасы оқуға берілді.

Балаларға шығарманы оқуға екі апта уақыт бөлінді. Олар кітап оқудың 20 минутын мектепте, қалған оқуын үйде жалғастыра алады.

Аталған бастама өз жемісін, айтарлықтай нәтижесін беруде. Оқушылардың кітапқа деген қызығушылығы артып, көкейге тоқып, түсініп оқитындардың қатары көбейді.

- Сөз соңында өзің жайлы айта кетсең..

- 1991 жылы Зейнолла Шүкіров атындағы №20 Бөген орта мектебін бітірдім. Одан кейін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Математика және информатика пәні мұғалімі» мамандығын игеріп шықтым.

Мен «Ержеңістің ерекше есептері» жұмбақ-өлеңдер жинағын шығардым. Сондай-ақ, бүлдіршіндерге арналған «Саусақ әліпбиі» өлеңдер жинағының авторымын.

Оған қоса «Мектебім менің – мақтаным» атты оқушылар өлеңдеріне арналған кітапты құрастырдым. Халықаралық «Айтыскерлер мен жыршы-термешілер одағының» мүшесімін.

2006 жылдан бері Қызылорда қаласындағы №15 гимназияда математика пәні мұғалімі қызметін атқарып келемін.

2009 жылы «Оқушылар мен жасөспірімдер үйінде» үйірме жетекшісі болып қызмет атқардым.

2012 жылдан бүгінгі күнге дейін С. Толыбеков атындағы №3 ІТ мектеп-лицейінде математика пәні мұғалімі болып еңбек етіп келемін.

- Әңгімеңе рахмет!



Автор:

Әділжан Үмбет

Новости по теме
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары