Балалардың қауіпсіздігіне арналған электронды құрылғы іске қосылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған жаңа электронды құрылғы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Балалардың қауіпсіздігі үшін арнайы электронды құрылғыны іске қосқалы жатырмыз. Бұл кішкентай ғана құрылғыны баланың киіміне немесе сөмкесіне жабыстырып қоюға болады. Ол Bluetooth арқылы жұмыс істейді. Қазір кез келген ұялы телефонда Bluetooth жүйесі бар. Яғни бала үйден немесе ата-анасынан 10 метр қашықтаған сәттен бастап, электронды құрылғы автоматты түрде іске қосылады. Сондай-ақ, электронды құрылғы арқылы баланың қай жерде жүргенін немесе оған қауіп төнген жағдайда орналасқан жерін анықтауға болады», - деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов құрылғыны таныстыру барысында.

Вице-министрдің айтуынша, аталған электронды құрылғыны қолдану әр ата-ананың еркінде болады.

«Одан бөлек бұл құрылғыда «SOS» батырмасы бар. Яғни бала қауіп төнген жағдайда сол батырманы басса, сол сәтте дабыл полиция мен қатар оның ата-анасына келіп түседі. Сәйкесінше дабыл бойынша полиция жедел әрекет етеді. Ата-ана мен полиция баланы арнайы мобильді қосымша арқылы бақылай алады. Электронды құрылғының құны орташа бағамен 2500 теңгені құрайды», - деді ол.

Айта кетейік, бүгін елордада БАҚ өкілдеріне ҚР Ішкі істер министрлігінде цифрландыру саласына қатысты бірқатар жобалар таныстырылды.


Соңғы жаңалықтар