Балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Ұлттық жоба әзірлеу керек -сенатор

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенатор Нариман Төреғалиев бастаған бірқатар депутат жасөспірімдерді кибербуллингтен қорғау шараларының қажет екені айтып, Премьер-Министрге сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутаттың сөзіне қарағанда, әлемдік статистика бойынша адам күніне 6-7 сағат интернетте отырады. Сондықтан кез келген адам кибербуллингтің құрбаны болуы мүмкін. Алайда зардап шеккендер мен олардың қудалаушыларының негізгі жасы 11-16 жас аралығында, демек еліміздегі жасөспірімдердің 12%-ға жуығы осы кибербуллингтен зардап шегіп отыр.

«Әлеуметтік желілер арқылы таралған «Көк кит», «Тыныш үй», «Қызыл жапалақ», «Мені сағат 04:20-да оят» тәрізді ойындар дүние жүзін дүрліктіріп қана қоймай, енді қазақ тілінде пайда бола бастағаны қоғамды алаңдатуда. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, Арыс қаласының тұрғыны «Вконтакте» әлеуметтік желісі және «Telegram» мессенджері арқылы балаларды суицидтік сипаттағы ойындарға тартқаны анықталды. Сондықтан дәл қазіргі қоғам үшін адамның құқықтарын, соның ішінде балалардың құқықтарын қорғау, оларды буллинг пен кибербуллингтен сақтау маңызды», - деді депутат Сенат отырысында.

Нариман Төреғалиев балаларды интернетте қорлаудан қорғауға қатысты әлемдік тәжірибелерден мысал келтірді.

«Әлемде көптеген елдер, интернет-платформалардың қауіпсіздік деңгейін арттыру, заңнама бойынша жұмыс істеу және балаларды, олардың ата-аналарын кибербуллингтен қорғау мақсатында тиісті заңдарды қабылдауда. Германияда кибербуллинг ұйымдастырған азаматтар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін болса, Ресейде Қылмыстық Кодекс пен Әкімшілік Кодекске түзетулер енгізу қолдау тапты», - деді Нариман Төреғалиев.

Депутат кибербуллингтің алдын алу үшін бірқатар нақты шараларды қабылдау қажет екенін айтты.

«Біріншіден, буллинг пен кибербуллингке тосқауыл қою үшін интернеттегі парақшалар мен мессенджерлердегі топтарға мониторингті күшейту, мектептер мен оқу орындарында «Кибербуллингтің зардаптары» тақырыбындағы тәрбие сағаттарын өткізу, арнайы мамандарды дайындау, мұғалімдер мен ата-аналарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу, информатика пәніне кибербуллингке қарсы қосымша сабақтар енгізу керек. Екіншіден, балалардың интернеттегі қауіпсіздігі мен қорғалуын қамтамасыз ететін Ұлттық жоба әзірлеу қажет. Үшіншіден, жекелеген мемлекеттерде кибербуллингті қылмыстық әрекет ретінде қарастыратын заңдар қолданылатынын ескере отырып, осы елдердің заңнамасын зерделеу, сондай-ақ Қазақстанда бар практиканы талдау қажет», - деді сенатор.


Соңғы жаңалықтар