Балалардың автобуспен тегін жүруінен елорда автопарктеріне түсетін салмақ қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – City Transportation Systems (бұрынғы «Астана LRT») компаниясының басшысы Бекмырза Игенбердинов Нұр-Сұлтан қаласында балалардың қоғамдық көлікте тегін жүру шешімі жоспарлы түрде қабылданғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз бұл шешімге жоспарлы түрде келдік. Балалар – біздің болашағымыз. Әрбір тасымалдаушының отбасы, балалары бар. Кейінгі жылдары балаларды тасымалдау кезінде туындайтын қиындықтарға талдау жүргізіп көрдік. Тасымалдаушылармен бірге балаларды тегін жеткізген кезде шығатын шығынды есептедік. Қоғамдық көлік жүргізушілерінің тарапынан балаларды тасымалдау кезінде қандай жағымсыз жағдайлар кездесіп жатқанын өздеріңіз де көріп отырсыздар», - деді Бекмырза Игенбердинов «Елордадағы қоғамдық көлік кешенін дамыту: кеше, бүгін, ертең» атты көрме-конференциясынан кейін тілшілерге.

Компания басшысы бұл ретте нақты қандай оқиғалар туралы айтылып отырғанын жеткізді.

«Әлбетте, тасымалдаушыларға шығын болады. Бірақ біз қыстыгүні оқушыларды автобусқа кіргізбей қойған оқиғаларды енді естімейтін боламыз. Мұндай жағдайларда компанияның атақ-абыройына едәуір нұқсан келеді. Жағымсыз жаймен бірге айыппұл санкциялары да енгізіледі. Міне, осы мәселелердің бәрін талдай келе, балаларға тегін жүру тәртібін енгізген жөн деп шештік», - дейді ол.

Бекмырза Игенбердинов қазіргі уақытта қоғамдық көліктермен шамамен 130 мың оқушы тасымалданатынын айтты.

«Тасымалдаушылар үшін бұл жеңілдік айына 30 миллион теңгелік шығын келтіруі мүмкін. Әлбетте әзірге субсидия бұл бағытта бөлінбейді. Мәслихатпен, әкімдікпен жұмысты қалай реттейтінімізді, бюджет мүмкіндігіне қарай шығынды толтыру мәселесін жеке қарастырамыз», - дейді компания басшысы.

Еске сала кетсек бүгінгі көрме-конференция барысында Бекмырза Игенбердинов елордада кәмелетке толмаған балалар қалаішілік қоғамдық көлікпен тегін жүретінін хабарлаған еді.


Соңғы жаңалықтар