Балалардың әл-ауқат индексі төмен өңір басшыларына әкімшілік жауапкершілік енгізілмек

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Балалардың әл-ауқат индексі төмен өңірдің бірінші басшыларына әкімшілік жауапкершілік енгізілмек. Бұл жайында «Ашық» НҚА порталында жарияланған 2023-2025 жылдарға арналған «Бала қорғау» кешенді жоспарында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуде балалардың әл-ауқаты мәселесі маңызды рөл атқарады. Жағдай жасаудың жүйелі мониторингі, сондай-ақ проблемаларды уақытылы анықтау және шешімдерді жедел қабылдау үшін 2022 жылы 56 индикатордан тұратын балалардың әл-ауқатының индексі қабылданды. Сонымен қатар 2021 жылдың нәтижелері бойынша республика бойынша балалардың әл-ауқат индексі небәрі 55,6 балды құрады. Бұл әл-ауқаттың орташа деңгейі саналады. Мемлекет басшысының балалардың әл-ауқатына осы ұлттық мониторингті енгізу жөніндегі тапсырмасын іске асыру мемлекеттік органдардың балалық шақ саласындағы әлеуметтік проблемаларды жою жөнінде қажетті шешімдер қабылдауы үшін өмірлік маңызды болып табылады», - делінген құжатта.

Құжатта балалардың қолайсыздығын еңсеру мақсатында жергілікті жерлерде балалардың әл-ауқатын өлшеу үшін бекітілген индексті енгізу, ақпараттық карта жасау және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жағдайды одан әрі жақсарту үшін проблемалық аймақтарды анықтау жөнінде шаралар қабылдау қажеттігі айтылған.

«Жоспарланған іс-шаралардың арқасында индекс жыл сайын 1 балға ұлғайтылатын болады. Бұдан басқа, индекстің төмен көрсеткіштері үшін әкімшілік-аумақтық бірліктердің бірінші басшыларының әкімшілік жауапкершілігін енгізу ұсынылады. Балалардың тәрбиелік компонентін күшейтудің, балалардың әл-ауқатын кешенді қамтамасыз етудің маңызды шешімі 2025-2029 жылдарға арналған балаларды үздіксіз тәрбиелеу тұжырымдамасын қабылдау болады», - делінген кешенді жобада.


Соңғы жаңалықтар