Балаларды өзімізден басқа кім қорғайды: Жастар қозғалысы бала кезінде құқығы тапталғандар жайлы ролик түсірді

None
Видеодан алынған кадр
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Жаңа адамдар» жастар қозғалысы халықараалық балалардың құқығын қорғау күніне орай әлеуметтік бейнеролик түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қозғалыс белсенділері осы ролик арқылы «Қазақстандықтар баласын кімнен, неден қорғай білу керек» деген сұраққа жауап іздейді.

Сол үшін бала кезінде құқығы тапталған кейіпкерлермен сұхбат жүргізіп, ролик ретінде ықшамдаған.

Қозғалыс өкілдерінің дерегінше, 2022-2023 жылдар арасында елімізде кәмелетке толмаған балаларға қарсы қылмыс саны 32% өсіп, жыныстық зорлық жағдайлары 2 есе жиілеген.

«Бұл қауіпсіз әрі бақытты балалық шаққа кепіл болатындай көрсеткіш емес», - дейді қозғалыс белсендісі Елдана Каденова.

Ролик кейіпкерлері басынан өткен қиындықты еске алып, оның салдарынан құтылу жолында жіберген қателіктерін, сәтті тәжірибесін бөліседі.

Дәулет есімді кейіпкер зорлық-зомбылық құрбаны болғанын жасырмай айтады.

«Мен өзім үшін қиын кезеңде не отбасымның, не қоғамның тиімді көмегін көрген жоқпын. Психологтар мен заңгерлерден де пайдалы көмек алған жоқпын. «Ұят» деген категориямен қоғамдағы былықтың бәрін бүркемелеуді менталитет деп түсіндірудің кесірінен осылай болып жатыр», - дейді ол.

«Жаңа адамдар» өкілі бұл ролик арқылы баласының құқығы тапталғанын жария етуге батылы жетпей жүрген адамдарға ой салуға болады дегенге сенеді.

Жастар әлеуметтік бейнеролик арқылы бала құқығымен қатысы бар қызметте істейтін қазақстандықтарды бұл мәселеге бейжай қарамауға шақырады.

«Мен аналар мен әкелерге, әжелер мен аталарға, мұғалімдерге, дәрігерлер, полиция мен бүкіл ересектерге үндеу жолдағым келеді. Балаларымызды өзімізден басқа кім қорғай алады? Бала құқығы әр кезде сақтала бермейтінін мойындап, күш біріктіруге, күресуге міндеттіміз. Бізге балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кез келген мүмкіндікті пайдалану керек. Бұл істе ересектер белсенді болса, балалардың сенімі де артады», - дейді «Жаңа адамдар» қозғалысының белсендісі Елдана Каденова.


Соңғы жаңалықтар