Балаларды коронавирустан вакцинаның көмегімен қорғаймыз - дәрігер

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы басқарма төрағасының орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас балалар онкологы Ләззат Нұрбапақызы Манжуова ҚазАқпарат тілшісіне жасөсіпірімдерге вакцина егудің маңызы туралы айтып берді.

– Ләззат Нұрбапақызы, жасөспірімдерге коронавирусқа қарсы вакцина салу қаншалықты маңызды?

- Вакцина салудың басты мақсаты – балаларды вирустан қорғау. 2020 жылы олар ересектер сияқты эпидпроцеске белсенді қатысқан жоқ. Ал қазіргі таңда балалар мектеп, балабақша, секцияларға қайта бара бастады, сондықтан балалар арасында осы инфекциямен ауру көбейді.

Ауыр жағдайлар да тіркеліп отыр. Сондықтан әлемдік тәжірибені ескере отырып, ДДСҰ ұсынуы бойынша балаларға вакцина салу жоспарланды. Әрине, жаңа коронавирус инфекциясы балаларда көп жағдайда жеңіл түрде өтеді.

Бірақ балалардың бір ерекшелігі бар, ол – коронавирус инфекциясымен ауырып жазылғаннан 3-6 аптадан кейін мультижүйелі қабыну синдромы сияқты асқыну пайда болуы мүмкін. Сондықтан 12 жастан асқан балалар мен жасөспірімдер арасында, сондай-ақ жүкті, бала емізетін әйелдер арасында вакцинацияны сапалы ұйымдастыру үшін әдістемелік ұсынымдар бекітілді.

Бұл вакцина РНҚ негізінде жасалған, бұл да басқа да вакциналар сияқты коронавирус инфекциясын алдын алуға арналған. Бұл вакцинаның құрамында иммундық қорғаныс тудыратын вирус жоқ, яғни ол коронавирустық инфекцияны тудыруы мүмкін емес.

- Вакцинациядан кейін баланы қалай бақылайды?

- Бақылау аса бір ерекшелікті талап етпейді. Кез келген вакцина сияқты аллергиялық серпілісті бақылайды, баланың басқа да ЖРВИ-мен ауырып қалмауын, суықтап қалмауын қадағалау керек.

- Егер баланың иммунитеті толыққанды болса, вакцинация жасамаса бола ма?

- Бүкіл әлемде коронавирусқа қарсы антидене деңгейінің стандарты жоқ, оған сәйкес антиденелердің қорғаныс деңгейін анықтауға болады. Әртүрлі тест өндірушілері бар. Олардың әрқайсысында антидене деңгейінің минималды және максималды көрсеткіштері болады. Сондықтан анық стандарт болмағандықтан антидененің қорғаныс деңгейі туралы айту мүмкін емес. Бұл бағытта ғалымдар жұмыс істеп жатыр.

- Вакцина табиғи иммунитетті томендетуі мүмкін бе?

- Вакцина иммунитетті осы инфекцияға қарсы жұмыс істеуге көмектеседі. Табиғи иммунитет төмендемейді, соған қарамастан вакцинаны салғаннан кейін балалар вирусты жұқтырмау үшін әлеуметтік арақашықты сақтау, бетперде кию, қол жуу сияқты шараларды жүргізгені дұрыс.

- Вакцина алған бала сабақтан босатыла ма?

- Вакцинаға ешқандай реакция байқалмаса, сабақтан қалудың қажеттілігі жоқ деп ойлаймын.

- Егер бала қандай да бір аурумен медициналық есепте тұрса, вакцина салына ма?

- Нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес кез келген вакцинациядан бұрын дәрігер тексереді. Қарсы көрсетілімдер: аллергия немесе кез келген басқа вакцинаны алғаннан кейін тыныс алу проблемалары болса, құрысулар, 12 жасқа дейінгі балалар, егілушіде қанның ұюы, жедел инфекциялық аурулар, кез келген созылмалы аурулардың өршуі. Осы жағдайлар - вакцинаға қарсы көрсетілімдер. Қалай болғанда да, балалар ата-анасының немесе заңды қамқоршысының жазбаша келісімімен вакцинацияланады.

- Ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Менің ойымша, ата-аналар біріншіден вакцинаның пайдасын толық сезініп өз еркімен балаларына вакцина салдыруы керек. Одан басқа, егуге кез келген жағымсыз реакция болмау үшін ата-аналар баланың жалпы жағдайын білу, бұрын болған вакциналарға, дәрілік заттарға, тағамдарға аллергиялық реакциясы, басқа да жағдайларды екпе алдында дәрігерге толық айтуы керек.

- Өзіңіз балаларыңызға вакцина салдырдыңыз ба?

- Ия, мен өз балаларыма вакцинаны осыдан бірнеше күн бұрын салдырдым. Бәрі жақсы өтті. Және де туыстарым мен таныстарыма да вакцина салдыруға кеңес беремін.

– Сұхбатыңызға рахмет!


Соңғы жаңалықтар