Балаларды екпе алмаған ата-анасынан жасырын әкету үшін мектеп автобустары сатып алынды - фейк

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандықтар әлеуметтік желілерде мектеп автобустарын сатып алу туралы жаңалықты талқылап жатыр. Кей пайдаланушылардың пікірінше, көлік ата-анасының келісімінсіз балаларды эвакуациялау үшін пайдаланылмақ. Бұл - жалған, деп хабарлайды Stopfake.kz.

Жеңілдетілген шарттармен 515 мектеп автобусын сатып алу туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов биы маусым айының соңында мәлім еткен болатын.

Бірақ бұл хабарды естігенде ата-аналардың бәрі бірдей қуанған жоқ.

Instagram-да кейбірі «бұл автобустар балаларды сабақтан алып кету үшін қажет, ал ата-анаға баласының қайда екені айтылмайды. Бұл оларды COVID-19 қарсы вакцина алуға мәжбүрлеу үшін жасалады» деген пікір білдірді.

ҚР Білім және ғылым министрлігі бұл болжамдарды жоққа шығарды. Ведомство өкілдері кейбір балаларға мектепке жету қиын болғандықтан жаңа автобустар сатып алу қажеттіліктен туындағанын хабарлады.

– Балалардың қауіпсіздігі балаларды мектепке және үйге тегін тасымалдау арқылы қамтамасыз етіледі. Бұған 21 мыңнан астам білім алушы мұқтаж, олар үшін 758 автокөлік тасымалы қамтамасыз етілген. Соңғы үш жылда автобус паркі 203 көлікке жаңартылды. Бүгінгі таңда автокөлік сатып алу қажеттілігі әлі де сақталып отыр. Бұл мәселені шешу үшін мектептерді автобустармен қамтамасыз ету жөніндегі Жол картасы аясында автобус паркін жаңарту жоспарланған, – деп хабарлады ҚР БҒМ баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ, мектеп автобустары балаларды мектепке және мектептен үйге жеткізу үшін ғана пайдаланылмақ. Көлікті басқа мақсаттарда пайдалану жоспарда жоқ.

Демек, елімізде ата-аналарды вакцинацияға мәжбүрлеу мақсатында балаларды мектептен жасырын түрде әкету үшін мектеп автобустары сатып алынатыны туралы пікірлер негізсіз және шындыққа жанаспайды.


Соңғы жаңалықтар