Балалар жылы: ШҚО кітапханасында жаңа жобалар қолға алынбақ

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемендегі ШҚО Балалар және жасөспірімдер кітапханасында биыл бірқатар жоба іске асырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды – балалар жылы деп жариялауына байланысты Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында жаңа бастамалар қолға алынып жатыр.

Бұл жайлы бізге кітапхана қызметкері Талант Мейрамбаев айтып берді.

«Балалар жылына орай алғаш рет «Балаларға қонаққа» жобасы жүзеге асырылмақ. Мұндағы мақсат – кітапхана қызметкерлерінің облыстағы алыс-жақын ауылдарында тұратын балаларға қонаққа бару арқылы кітап оқуды насихаттау. Сондай-ақ көңілді шаралар да ұйымдастырылады. Балалар мен ата-аналарға арналған «Мейкерспейс: Отбасылық шеберхана» үйірмесі де өз жұмысын бастайды. Бұл үйірменің ерекшелігі – әрбір кездесуде қатысушылар оқыған шығарма кейіпкерлерін табиғи материалдардан өз қолдарымен жасап үйренеді», - деді ол.

Бұдан бөлек, балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Кітапхана+Театр», «Үйде оқимын», «Жолдағы кітаптар сапары», «Библиоша» сынды жобалар қолға алынған.

«Осы ретте, «Мейірім шуағы» мен «Ашық есік» атты жобаларымызға ерекше тоқталып өткім келеді. Олар мүмкіндігі шектеулі және әлеуметтік жағдайы төмен балалармен жұмыс істеуге арналған. Соның аясында кітапхана тарапынан талантты балалардың қалалық және облыстық жарыстарға қатысуына жағдай жасалуда», - деді Талант Мейрамбаев.


Соңғы жаңалықтар