Балалар жылы: ШҚО-да кітап оқуға баулу үшін қандай шаралар атқарылуда

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Кітап – білім бұлағы болса, кітапхана – рухани қазына ордасы. Қазіргі технология дамыған заманда балалардың кітапқа деген қызығушылығын ояту аса маңызды болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды Балалар жылы деп жариялағаны белгілі. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі А.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының директоры Бибігүл Шағиевамен әңгімелесіп, оқушыларды кітапқа баулу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанын біліп қайтқан болатын.

- Кітапханадағы кітап қоры қанша? Кітаптар қаншалықты жиі жаңартылып тұрады?

- Бүгінгі таңда кітапхана қоры 376 405 дана әртүрлі баспа және электронды нұсқадағы кітаптардан тұрады. Нақты айтсақ, оның ішіндегі 239 814-і – кітап, 7 609-ы – электронды басылым, 3 220-ы – кино-фотоқұжат, 3 677-і – газет және 122 028-і – журнал. Мемлекеттік тілдегісі 96 245 дананы немесе кітапхананың жалпы қорының 25,6%-ын құрайды. 2021 жылы қорымыз 8 782 дана жаңа кітаппен және мерзімді басылымдармен толықты.

- Балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға баулу үшін қандай шаралар атқарылуда?

- Кітап оқитындардың санын арттыру мақсатында үнемі жаңа идеялар мен креативті шешімдерді іздеп келеміз. Бұл тұрғыда әсіресе балалар мен жастарға көп көңіл бөлінген. Себебі ел болашағын ту еткен өскелең ұрпақ білімді әрі білікті болуы тиіс. Ал кітапхана – баланы рухани тұрғыда дамытатын жер.

Балаларды ерте күннен кітап оқуға баулудың мазыңы зор. Ол үшін біздің кітапханада барлық жағдайлар жасалған. Кітапханаға жақын орналасқан бірнеше мектептің болуына орай, яғни мектеп жасындағы оқырмандарымыздың саны мен сұраныстарының артуына байланысты бізде 2005 жылдан бері балалар бөлімі жұмыс істейді. Онда жылдан-жылға балалар мен жасөспірімдерге арналған кітап қоры өсіп келеді.

Қазіргі таңда кітапханадағы балалар әдебиетінің қоры – 10 968 кітап. Соңғы жылдары бұл қор жақсы қарқынмен толықтырылуда. Әсіресі 2021 жылдың Балалар әдебиеті жылы деп жариялануына байланысты кітап нарығында балақайларға арналған басылымдар жиі жарық көрді. 2020 жылмен салыстырғанда былтыр балалар кітаптары екі есе көп сатып алынған.

Сонымен қатар өскелең ұрпақты кітап оқуға баулу мақсатында әртүрлі жобалар мен бағдарламалар ұйымдастырудамыз. Атап айтқанда, дауыстап оқу, шам астындағы ертегілер, жыл сайынғы «Оқу көшбасшысы» байқаулары, жазушылардың шығармалары бойынша сөзжұмбақтар мен квесттерді шешу, қаламгерлердің мерейтойларына арналған жас суырып салма ақындардың сайыстары, авторлармен және аудармашылармен кездесулер өткізу.

- Жобалар жайлы тереңірек айтып кетсеңіз?

- Мәселен, «Әдеби HUB» жобасы әдеби ортадағы дарынды жастарды қолдауға бағытталған. Жоба аясында талантты авторлармен кездесулер болып, онда олар өздерінің жазушылық тәжірибесімен бөліседі. Шығармашылығын жаңа бастап жүрген авторлар өз туындыларын оқып, талдайды.

«Шам түбіндегі ертегі» бейнежобасы балалардың шығармашылықпен баяндау, бейнелі сөйлеу дағдысын қалыптастырып, тілді, есте сақтау қабілеті мен қиялды дамытады. Мұнда балаларды қиял-ғажайып әлемге жетелеу үшін түрлі түске бөленген, сәл көмемескіленген бөлмеде шамның айналасында ертегі оқылады.

«Greаt Books» бейнежобасы балалар мен жасөспірімдерге арналған қызықты кітаптар мен авторлар туралы мағлұмат береді. Ақпарат бейнероликтер, оқырмандар және авторлармен сұхбат түрінде ұсынылады. Мемлекеттік тілде YouTube-канал да жүргізіледі.

Ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан өлкеміздің халықтық дәстүрінде сақталған ауыз әдебиеті жауһарларымен таныстыратын «Шығыс Қазақстан халқының аңыз, ертегілері» жобасы бар. Ол ертегілер желісі бойынша бейнероликтер жасау түрінде жүзеге асырылады.

«Оқу көшбасшысы», «Оқы және жеңіске жет!», «Әдеби шығарма желісімен салынған ең үздік сурет» сынды оқырмандар сайыстары балалар мен жасөспірімдерді оқуға ынталандырады, олардың әдеби-шығармашылық қабілеттерін дамытады және классикалық, заманауи көркем әдебиеттерді насихаттайды.

Бір байқағанымыз, қазіргі балалар мен жастар өз ойларын ашып айта алмайды. Бұл олардың сөйлеу қабілеттерінің төмендеуінен. Осыны ескеріп кітапханада психолог кеңесін, Оратор клубын, Кітап оқу және Мектепке дайындық клубтарының жұмысын ұйымдастырдық.

- Кітапханада балаларға арналған қандай үйірмелер мен клубтар бар?

- Заманауи кітапханаларда тек кітап оқытып қана қоймай, баланың қабілеті мен ерекшелігіне сай әр түрлі үйірмелер де жұмыс істейді. Кез-келген кітапханада ашылған үйірмелердің алуан түрлілігіне қарамастан олардың барлығының түпкі мақсаты – балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру.

Бізде 5-6 жасар баланы оқуға ынталандырып, ой-өрісін, сөйлеуін, оқу мен жазудың бастапқы дағдыларын үйретіп, математика, логика мен қол моторикасын дамытатын «Мен мектепке дайынмын» үйірмесі бар. 8-12 жастағы балаларға арналған - «Біз қазақша сөйлейміз» үйірмесі, «Кел, балалар, оқылық» атты дауыстап оқу үйірмесі, «Валли» робототехника үйірмесі, бағдарламалау, анимациялық әңгімелер мен ойындар құрастыруды үйрететін «Scratch» және ағылшын тілін оқытатын «English for kids» үйірмесі жұмыс істеп тұр.

Ата-аналарға балалармен қалай жұмыс істеу керектігі, осы жастағы балаларға қалай және қандай әдебиеттерді оқуға болатыны жайлы үнемі ұсыныстар мен ақыл-кеңестер беріліп отырады. Осы ретте кітапханамыздың волонтерлары Марина Исмайылова мен Айгүл Джаниярова үлкен қолғабыс тигізуде. Олар кішкентай оқырмандарға «Тыңда балам, ертегі» атты оқу сеанстарын өткізіп келеді.

Заман ағымына сай балаларды технологиямен байланысты жаңашылдықтар ерекше қызықтырады. Осыны ескеріп, кітапханада Компьютерлік графика, CorelDraw, Paint, Adobe, 3D модельдеу, Comic Making графикалық планшетінде комикстер жасау, Бейнемонтаж жасау және LEGO құрастыру үйірмелері ұйымдастырылған.

- Әңгімеңізге көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар