Балалар жылы аясындағы іс-шараларға 48,3 млрд. теңге бөлінді – Премьер-Министр

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Балалар жылы» аясындағы іс-шараларға 48,3 млрд. теңге бөлінді. Бұл туралы бүгін өзінің Facebook парақшасында ҚР Премьер-Минисстрі Әлихан Смайылов жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің кішкентай балапандарымыздың мерекесіне сәйкес келген бүгінгі Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Жарлығымен жарияланған «Балалар жылын» өткізу мәселесін талқыладық.

Биыл «Балалар жылы» аясында көптеген іс-шаралар жоспарланып, жүзеге асырылуда. Бұл мақсатқа мемлекеттік қазынадан жалпы сомасы 48,3 млрд. теңге бөлінді. Олардың барлығы нақты орындалуы тиіс. Ең бастысы – балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Облыс әкімдіктеріне әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларын сауықтыру шараларымен қамтуды, олардың жазғы демалыста бос уақытын пайдалы өткізу мәселесіне көңіл бөлуді тапсырдым»,-деп жазды Премьер-Министр.

Сондай-ақ ол ауылдық жерлерде спорт алаңдары мен балаларды дамыту орталықтары жабдықталуы тиіс екеніне тоқталды.

Денсаулық сақтау министрлігі шалғай елді-мекендердегі балалардың денсаулық жағдайына скринингтік және стоматологиялық тексерулер жүргізу үшін жылжымалы медициналық пункттердің жұмысын ұйымдастыратын болады.

«Сонымен қатар балалардың құқығын сақтауға, экскурсиялық-танымдық іс-шаралар ұйымдастыруға, оларды түрлі үйірмелермен және секциялармен қамтуға қатысты бірқатар тапсырмалар бердім. Барлық өңір әкімдері «Балалар жылына» арналған іс-шаралардың орындалуын жеке бақылауында ұстауы тиіс.

«Адамның бір қызығы – бала деген» деп ақынымыз Абай айтқандай, балалардың білім алып, оларға жан-жақты қамқорлық жасау, құқықтарын қорғау – мемлекеттің маңызды міндеті. Сондықтан кешенді іс-шаралардың барлығы менің тұрақты бақылауымда болады»,-де ді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар