Балалар және COVID-19: Нені білуіміз керек

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстанда төтенше жағдай режимі жарияланғалы бері 2 мыңға жуық бала коронавирус жұқтырған. Қазіргі статистикаға сәйкес, Қазақстанда балалар арасында өлім-жітім тіркелмеді.

Балалар арасындағы вирустың таралуы, емделуі жайлы «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ төрайымы, ҚР Бас онкогематологі, медицина ғылымдарының докторы Риза Боранбаева айтып берді.

Мамандардың жүргізген бақылауына сәйкес, наурыз айынан бері тіркелген 2 мыңға жуық бала коронавирус жұқтырған. Оның 1 800-і жазылып шықты. Инфекциялық стафионарларда 171 бала жатыр. Барлық балалардың 80 пайызы жеңіл немесе симптомсыз ауырып шыққан. 20 пайызында ауру орташа және ауыр халде өткен. Олардың ішінде 7 жаңа туған нәресте бар.

«Жаңа туған нәрестелерге келсек, көбінесе КВИ жұқтырған анасынан жұқтырып жатады. Бұл вирус жаңа инфекция болған соң, толық ғылыми зерттеулер жоқ. Алайда, практика көрсеткендей, вирус іштегі балаға жұқпайды. Бала іштен сау болып туады. Егер анасында КВИ-ге иммунитет бар болса, баласының 3 айға дейін иммунитеті болады. Себебі, антиденелер анасынан беріледі. Егер анасында иммунитет болмаса, баласы да вирус жұқтыруы мүмкін. Тек нәресте шала туған, туа бітті ақауы болған жағдайда вирус ауыр өтуі мүмкін», - деді Риза Боранбаева.

Білікті маман балалар арасында вирусты пневмония сирек кездесетінін айтты.

«Балалардың 3-4 пайызы ғана осы аурумен ауыруы мүмкін. Көбінесе клиникалық симптомы білінбей өтеді. Балалардың көбін ауруханаға жатқызудың қажетті жоқ. Балалар арасында өлім-жітім, Аллаға шүкір, тіркелген жоқ. Ал әлемде бірді-екілі ондай жағдай болды. Клиникалық белгісі жедел респираторлы вирустық инфекция сияқты өтеді. Қызу көтеріліп, тамақ ауырып, бас ауыруы мүмкін. Сондай-ақ, балаларда диарея коронавирус инфекциясының анық белгісі болуы ықтимал. Ересектермен салыстырғанда балаларда көбінесе диарея болады. Сондай-ақ, балаларда дәм мен иіс сезу жоғалуы мүмкін. Бірақ, ондай жағдай сирек кездеседі. Бәлкім, балалар дәл осыны айтып жеткізе алмайтын болғасын солай болар», - деді Риза Боранбаева.

Балаларда коронавирус неге жеңіл өтетіні туралы әлемде әлі ғылыми негізделген тоқтам жоқ.

«Бұл – жаңа инфекция. Ол толық зерттелген жоқ. Бірақ, ғылыми қауымдастық бұған бірнеше гипотеза келтіреді. Біріншіден, балаларда КВИ жоғарғы тыныс жолдарында орналасады. Төменгі тыныс жолдарына, яғни өкпеге сирек түсуі мүмкін. Кейбір ғалымдардың айтуынша, балалардың жасушаларында арнайы рецептор ақуыздар аз болуы мүмкін. Осы рецепторлар арқылы вирус жасушаға ене алады. Сондай-ақ, балалар ауыра қалса, қызуы қатты көтерілуі мүмкін. Ағза бірден қорғаныс қабілетін іске қосады. Балалардың ағзасы вирустарды бақылауға алып үйренген. Ал ересектерде ондай бола бермейді. Көп адам ушыққанда барып біліп жатады. Балалардың ағзасының қорғаныс күші жоғары болады», - деді ол.

Ғылыми зерттеулерге сәйкес, көбінесе қосымша ауруы бар балаларда коронавирус ауыр, орташа ауыр өтуі ықтимал.

«Қазақстан бойынша ауыр, орташа ауыр түрімен ауырған 20 пайыз балалардың көбінің бронхиалды астма, онкология, қант диабеті, аутоимунды аурулары болған. Көбінесе жасөспірімдердің ағзасы ересек адамға ұқсас болғандықтан, жас балаларға қарағанда солар көбінесе вирусқа ұрымтал келеді. Әлемде болған өлім жітімнің көпшілігі жасөспірімдерде болған», - деді маман.

Қазақстанда балаларды емдеуге арналған бөлек клиникалық хаттама жоқ. Ересектер де, балалар да COVID-19 коронавирустық инфекцияны емдеудің клиникалық хаттамасына сәйкес емделеді. Бүгінде осы хаттамаға түрлі ғылыми негіздемелер жасалып жатыр. Жақын арада балаларды КВИ емдеу мен диагностикалаудың бөлік бөлімі жасалады.

«Жеңіл түрімен ауырған балалар үйде емделеді. Ал салмағы төмен, ақуыз энергетикалық жетіспеушілігі бар балалар, метаболизмде ауытқушылық бар балалар стационарда емделеді. Балаларға ең қауіп төндіретін кавасаки тектес синдром дамып кетуі ықтимал. КВИ кеңінен таралған елдерде жас балаларда мультижүйелік қабыну болған. Орта калибрлі артериялар қабынған. Бұл жүрек, қан тамырлары, орталық жүйке жүйесі, бүйректің қабынуына әкелген. Қан талдауы өзгереді. ДВС синдром дамиды. Уытты шок болады. Бұл КВИ ауырып жатқан балалардың 50 пайызында және ауырып тұрған балалардың 50 пайызында болған. Сондықтан, қазір балалардың денсаулығындағы Кавасаки синдромын анықтау үшін ҚР ДСМ арнайы бұйрық шықты. Онда Кавасаки тектес синдромды анықтау, диагностикалау, емдеу бойынша 11 іс-қимыл алгоритмы жазылған. Өңірлік дәрігерлерді де аз уақытта оқытып үйрету қолға алынған.


Соңғы жаңалықтар