Балалар үйірмесіне тегін жазылу үшін арнайы платформа әзірленді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда балалар үйірмелері мен спорт секцияларын жан басына қаржыландыру үшін Artsport.edu.kz ақпараттық жүйесі әзірленді. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Балалар үйірмелері мен спорт секцияларын жан басына қаржыландыруды іске қосу процесін автоматтандыру мақсатында Artsport.edu.kz ақпараттық жүйесі әзірленді, оған республиканың барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалар қосылған. Жүйені «SoftDeco» ЖШС әзірлеген. Онда жұмыс істеу бойынша барлық өңірлердің өкілдері оқытылды», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, ақпараттық жүйеде оператордың және жеткізушінің «автоматтандырылған жұмыс орны» (АЖО) секілді негізгі функционалдар іске асырылған.

Сонымен қатар ата-ананың, жаттықтырушы мен оқытушының АЖО функционалдарын жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«2021 жылғы 10 маусымдағы жағдай бойынша жүйеде 500-ге жуық өнім беруші мен 8 мың пайдаланушы тіркелген, олардың 4 мыңы – балалар», - деді Е. Қожағапанов.

Соңғы жаңалықтар