Балалар үйінің тәрбиеленушісі пинг-понг ханшайымы атанды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - 9 жасар Евгения Тузова 9-12 жас санатында «Пинг-понг ханшайымы» үстел теннисі бойынша республикалық турнирде жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Турнирдің финалы тамыз айының соңында Алматыда өтті. «Таңшолпан» балалар үйінің тәрбиеленушісі Шанхайдағы спорт академиясына баруға мүмкіндік алды.

Турнирді Алматыдағы ҚХР Бас консулдығының қолдауымен Үстел теннисі федерациясы мен «Baurzhan» қоры ұйымдастырды. Биыл турнир екінші рет өтті.

«Пинг-понг ханшайымы» турнирін өткізуге жетім балалар мен олардың спортқа деген ынтасы арқау болды. Осындай жобалардың арқасында болашақта олардың бірі спорт жолын қуып, чемпион болуы бек мүмкін», - дейді «Baurzhan» қорынан ұйымдастырушы Динара Қадыр.

Кішкентай Евгения 9 жаста, соған қарамастан ол өзінен жасы үлкен қарсыластарын ойсырата жеңді.

«Мен бар болғаны бір ай жаттығып, жеңіске қол жеткіздім. Үстел теннисінде дәлдік пен жылдамдық маңызды. Мен қатты жеңгім келді, ол үшін бәрін істедім», - дейді Евгения Тузова.

Шанхайға Евгениямен бірге 13-16 жас санатындағы жеңімпаз, рудныйлық Ольга Ким барады. 10 күндік сапар кезінде қыздар экскурсияға шығып, жетекші теннисшілердің шеберлік сыныптарына қатысады.  

Соңғы жаңалықтар