Балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан 88 баланың тәлімгері бар

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Алматылық білікті психологтар «Бала отбасында өмір сүруі керек» республикалық қозғалысы аясында болашақ тәлімгерлерді дайындау үшін Павлодарға келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

«Тәлімгерлер» жобасын «Үміт үзбеу» қоғамдық қоры мен «ДАРА» қайырымдылық қоры бірлесіп, жүзеге асыруда. Жоба аясында төрт жылдан бері Астана, Алматы, Павлодар және Қарағандыда жұмыс жасалып жатыр.

«ДАРА» қайырымдылық қорының вице-президенті Айнұр Аймурзинаның айтуынша, бүгінгі таңда елімізде 88 баланың тәлімгері бар.

«Бүгінгі кездесудің мақсаты - балалар үйінің тәрбиеленушілерімен жұмыс жасайтын тәлімгерлерді дайындау үшін алғашқы психологиялық тренингті өткізу, - дейді Айнұр Аймурзина. - Қорытындысында тест, сұхбат аламыз. Үміткерлер ата-ана қамқорлығынан айырылған балалардың досы бола ала ма екен, соны анықтаймыз. Басты баға қабылдау, жылылық пен жұмсақтық, балаларға көмектесу ықыласына қойылады. Павлодарда 8 оқытылған тәлімгер бар. Бүгінгі тренингке тағы 40 адам келді».

Айнұр Аймурзинаның айтуынша, жоба аясында тәлімгерлер балалармен тек қана балалар үйінің аумағында емес, оның сыртында да сөйлесе алады. Өйткені, бағдарлама әлеуметтендіруге бағытталған. Қонақтық келісімшартқа отырғаннан кейін жазғы демалыс кезінде балаларды үйлеріне алып кетуге болады.

Екі баланың анасы Елена Венглинская ағайынды ұл балаларға тәлімгер болуды жоспарлап отыр. Жоба жөнінде таныстарынан естіген.

«Мен екі жылдан бері отбасылық үлгідегі Кенжекөл балалар ауылына барып жүрмін, - дейді Елена Венглинская. - Жарты жылдан астам уақыт інісі бар ұл баламен сөйлесіп жүрмін. Оларға тәлімгер болғым келеді. Менің ылғи да осындай жерлерден бала асырап алғым келетін. Бірақ бұндай қадамға бару үшін шешім қабылдау өте қиын. Аталмыш жоба - соның кішкентай қадамдары».

Елена Венглинскаяның айтуынша, оның туған перзенттері балалар үйінің ұлдарымен жақсы тіл табысып кеткен. 

«Үлкен ұл маған телефон шалып, ақыл-кеңес, көмек сұрап тұрады, - дейді Елена Венглинская. - Оның ұялы телефоны бар. Қазір олар лагерде. Аптасына бір рет телефон арқылы сөйлесеміз. Екі аптада бір рет барып, үйге әкетіп отырамын. Әзірге мен ресми тәлімгер емеспін. Павлодарлықтарға «осындай жобаларға қатысыңдар, балалар үйінде өте жақсы балалар бар» дегім келеді. Олар материалдық жағынан ештеңеге мұқтаж емес. Оларға жылылық пен мейірім керек».

Соңғы жаңалықтар