Балалар үшін авиабилет құнын субсидиялау тәртібі өзгермек

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Қазақстан аумағында кәмелетке толмаған жолаушыларды әуемен тасымалдау кезінде туристік өнімге қосылған билет құнын субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізу ұсынылды. Толықтыру енгізілгелі отырған құжатты Мәдениет және спорт министрлігі ашық талқыға шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құжат «маршрут түбіртегі», «электрондық билет» сияқты терминдермен толықтырылған.

«Қазақстан Республикасының аумағында кәмелетке толмаған жолаушыларды әуемен тасымалдау кезінде туристік өнімге қосылған билет құнын субсидиялауға арналған өтінімді тиісті күнтізбелік жылдың бірінші жұмыс күнінен бастап 1 желтоқсанына дейін қағаз немесе электрондық нысанда пошта не қолма-қол құжаттар арқылы жолдайды», - деп көрсетілген бұйрық жобасында.

Өтінім беруші Қазақстан Республикасының азаматы немесе Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсаты бар азаматтығы жоқ тұлға болып табылатын кәмелетке толмаған жолаушыға билеттің немесе электрондық билеттің, маршруттық түбіртектің және жолаушылар купонының немесе авиакомпания билетін пайдалану туралы растау-анықтамасының көшірмелерін ұсынуы тиіс.

Жаңа өзгерістердің бірі өтінішті қарау мерзіміне қатысты. Атап айтқанда, бұрын билет құнын субсидиялау өтініші 10 күнде қаралса, енді ол 7 жұмыс күніне дейін қысқармақ.

Сондай-ақ субсидия беретін ұйым қаражатты туристік оператордың есепшотына 25 күнде аудармақ. Бұған дейінгі ережеде ол 45 күн болатын.

«Шешімдер қабылдаудың тиімділігі мен жеделдігін арттыру мақсатында туроператорларға субсидия төлеу шарасын практикалық іске асыру негізінде 45 жұмыс күнінен 25 жұмыс күніне дейін қысқарту ұсынылады», - делінген минстрлік бұйрығында.

Субсидия ретінде берілетін қаржы екінші деңгейдегі банктердің бірінде ашылған ішкі туризм саласындағы туроператордың есеп шотына аударылады.

Бұйрықты ашық талқылау 17 қарашаға дейін жалғасады



Фото: media.cntraveler.com



Соңғы жаңалықтар