Балалар туризмін дамытудағы проблемалар қандай

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер туризмін қалай дамытуға болады, оқу орындарында туристік-өлкетану жұмыстарын ширатудың жолдары қандай? Осы және өзге де мәселелер жөнінде ҚазАқпарат тілшісіне Батыс Қазақстан облыстық Балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры, Халықаралық балалар-жасөспірімдер туризмі және өлкетану академиясының вице-президенті Виктор Фомин айтып берді.

- Виктор Павлович, Мемлекет басшысы 5 қазан күнгі Жолдауында алдағы жылды Жастар жылы деп жариялағаны мәлім. Сонымен қатар «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында еліміз өңірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту жөнінде тапсырма берді. Алдымен осыған байланысты не айтар едіңіз?null 

- Әрине, Жастар жылы аясында көптеген шараларды қолға алуға болады. Соның ішінде балалар-жасөспірімдер туризмі жеткіншек ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеудің таптырмас құралы екендігі бесенеден белгілі. Шын мәнісінде мұғалімнің әңгімесі, бейнефильм немесе әдістемелік құралдар жанды саяхаттың орнын алмастыра алмайды. Сондықтан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында балалар-жасөспірімдер туризмін оқу орындарының жұмыстарымен ұштастыра білсек, көп нәрседен ұтар едік. Елбасымыз атап өткеніндей, бәрі де туған жерге, өскен өлке мен қалаға деген құрметтен, соған деген шынайы сезімнен басталады. Мектеп туризмін дамыту үшін демалыс уақытында ғана емес, сонымен қатар оқу кезінде тақырыптық, кәсіби бағдарлы саяхаттарды, туристік-өлкетану қызметінің басқа да түрлерін қолға алу керек.

null - Осы орайда Батыс Қазақстанда жақсы қалыптасқан дәстүр бар ғой?

- Иә, БҚО балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы Қазақстандағы осы бағытта кең ауқымды жұмыстар жүргізіп келе жатқан ірі кешен болып есептеледі. Жыл сайын ұйымдастырылатын жүздеген саяхат-жорықтарға, экспедиция, слет, фестиваль, түрлі жарыстарға еліміз ғана емес, Ресей өңірлерінен де мыңдаған оқушылар қатысып келеді. Мұның аясы жыл санап кеңейе түсуде. Мысалы, жуырда ғана Қазан қаласында Орал өңірі мен Татарстан балалар туристік ұйымдары арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Күні кеше Петропавл қаласында Қазақстан мен Ресей Президенттерінің қатысуымен өткен аймақаралық ХV ынтымақтастық форумында туристік саланың өзекті мәселелері талқыланғаны аян. Міне, сонда да ресейлік әріптестерімізбен кездесіп, пікір алмастық, жоспар құрдық.

Соңғы жылдары өңірде спорттық бағдарлау және шыңға өрмелеу де жақсы дамып келеді. Осы орайда батысқазақстандық оқушылар спорттық бағдарлау, жаяу, тауда, шаңғымен, велосипедпен жүру техникаларынан республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарып, алды Қазақстан құрамасының мүшесі болып үлгерді. Дегенмен Елбасы алға қойған мектеп туризмін дамытуда бірқатар шешілмеген мәселелердің бар екендігін де жасыруға болмайды.

null - Виктор Павлович, осыған тоқтала кетсеңіз?

- Ең алдымен, балалар-жасөспірімдер ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту керек. Мұндай мекемелердің көпшілігі бейімделген немесе жалға алынған ғимаратта орын тепкен, күрделі жөндеуді қажет етеді. Балалар туристік базаларының жыл бойғы жұмысы барлық ауданда бірдей жолға қойылған деп айта алмаймыз. Жеткіншектерді тасымалдайтын көлік құралдарын толықтай жаңарту қажет. Арнайы туристік жабдықтар да жетіспейді.

Жалпы, туристік салада балалар демалысын ұйымдастыру күрделі мәселе болып есептеледі. Өйткені бұдан табыс табамын деу қиын. Бағаны көтерсең, жасөспірімдердің туризмге деген сұранысы кемиді. Сондықтан балалар туристік ұйымдарына мемлекет тарапынан дотация беру мүмкіндігін қарастыру қажеттігі туады. Балалар үшін демалыс түрлерінің қолжетімді болмауы, заң тетіктерінің толық ойластырылмауы және басқа мәселелер туризмді дамытуға кедергі келтіруде.

null - Мұны шешудің жолдары қандай деп ойлайсыз?

- Біздің ойымызша, бұл мәселелерді Қазақстанда білім саласы мен жергілікті атқарушы органдар өкілдері бірігіп шеше алады. Мысалы, Батыс Қазақстанда балалар-жасөспірімдер туризмі кластерін құруға болады. Бұл туралы ұсыныс 2019-2023 жылдарға арналған ҚР сыртқы және ішкі туризмін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жобасына енгізілген. Кластер құрамына балалар туристік ұйымдарынан басқа турагенттіктер, осы салада қызмет көрсететін кәсіпорындар мен нысандарды кіргізуге болар еді. Кластерге мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жұмыс жасайтын басқарушы компания басшылық жасай алар еді.

null Кластер, ең бастысы, жыл сайын әр оқушының өзіміздің өлке ғана емес, сондай-ақ Қазақстанның басқа өңірлеріне, Астанаға саяхатқа шығуын қамтамасыз ете алар еді. Бұл ретте «Өлкенің көрікті жерлерінен - Қазақстанның қасиетті орындарына дейін» атты туристік-экскурсиялық марафон ұйымдастыру туралы ұсыныс түсірдік. Бұл әдістің тиімділігі мынада, мысалы, бастауыш сыныптағылар өз ауылдарымен жақынырақ танысса, орта топтағылар аудан мен өлке тарихы мен табиғатына қатысты деректермен қаныға түсер еді. Жоғары сынып оқушылары еліміздің басқа қалаларына, бірінші кезекте Астанаға барып қайтса, бұдан таным көкжиектері кеңейері анық.

Мұндай танымдық бағдарламаларды барлық мүдделі ұйымдарға тиімді болатындай етіп ұйымдастырған жөн. Айталық, саяхаттың 70 пайызы бюджет есебінен өтелсе, 30 пайызын ата-аналар көтерер еді.

null Түптеп келгенде, кластер құру Қазақстан ғана емес, сондай-ақ Ресей және басқа да елдердің туристік ұйымдарымен байланысты жандандырып, нықтай түсер еді. 

Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар