«Балалар Евровидениесі» байқауына республикалық іріктеу финалы басталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде «Балалар Евровидениесі» байқауына республикалық іріктеудің финалы басталды. Шара Алматы қаласындағы «Halyk Arena» стадионында өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Финалда өңірлік іріктеулерден өткен 10 қатысушы, атап айтқанда Максим Ержан, Зере Әмірбекова, Мейіржан Жидебай, Мария Затварницкая, Жанелья Қалдыбек, Динар Нәдірбекова, Асуат Санат, Бинура Саудабай, Данэлия Төлешеова, Сүйкім Қабылбек  алғаш рет мыңдаған көрерменнің алдында ән салады.

Жеңімпазды таңдау үшін көрермендер өздеріне ұнаған қатысушыға смс жолдау немесе телефонмен хабарласу арқылы дауыс бере алады. Өнерпаз балалардың өнерін әділқазылар алқасы да бағалайды. Дегенмен, жеңімпаз көрермендер мен әділқазылардың ортақ шешімі негізінде анықталатын болады.

Ал әділқазылар құрамында танымал кәсіби әншілер мен продюсерлер Роза Рымбаева, Мейрамбек Беспаев, Тамара Асар, Бағым Мұхитденова, Ерке Есмахан, Қайрат Нұртас, Ренат Ғайсин, Ләйлә Сұлтанқызы, Мәдина Сәдуақасова және Димаш Құдайберген бар. Кешті  Майя Бекбаева, Нұрсұлтан Құрман, Марат Оралғазин және Еркебұлан Мырзабек жүргізеді.

Қазіргі уақытта «Балалар Евровидениесі» байқауына республикалық іріктеу финалының гала концерті өтіп жатыр. Ол сағат 20.00-ге дейін жалғасады. Одан кейін 30 минут дауыс беру шарасы өтеді. Ал сағат 20.55-те тікелей эфирде жеңімпаздың есімі жария етіледі.

Айта кетейік, «Junior Eurovision Song Contest» халықаралық ән байқауы алғаш рет 2003 жылы Копенгагенде (Дания) 16 елдің қатысушысы арасында өтті. Телекөрермендер мен қазылар алқасының жеңімпазды бірлесіп анықтауы 2008 жылдан бастап енгізілді. Оған дейін көрермендер тікелей көрсетілім кезінде дауыс беретін.

Әр жылдары бұл байқауды Бельгия, Румыния, Нидерланды, Кипр, Украина және т.б. елдер ұйымдастырды. Ал Ресей, Грузия, Беларусь және Мальта екі рет жеңіске жетті. 2017 жылғы Тбилисиде өткен байқауда «Wings» әнімен ресейлік 14 жастағы Полина Богусевич жеңімпаз атанды.

Биыл байқауға 19 ел қатысады. Олардың қатарында Албания, Армения, Австралия, Әзербайжан, Беларусь, Франция, Македония, Грузия, Ирландия, Израиль, Италия, Қазақстан, Мальта, Польша, Португалия, Ресей, Сербия, Нидерланды, Уэльс бар. Қазақстан мен Уэльс бұл байқауға алғаш рет қатысады.

Соңғы жаңалықтар