Балалар есте сақтап үлгермейді: Депутаттар жиі ауысатын мектеп инспекторлары жөнінде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Ирина Унжакова еліміздегі мектептерді инспекторлармен қажетті деңгейде қамтамасыз етуді сұрады. Осы орайда Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына Мәжілістегі «Nur Otan» фракциясы атынан депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутат Тараздағы мектептердің бірінде оқушы қызға қатысты жасалған зорлық-зомбылыққа тоқтала келе, балалардың мектеп мекемелерінде тиісті деңгейді қорғалмағаны проблема екенін атап өтті.

Сонымен қатар И. Унжакова бүгінде еліміздегі көптеген мектептерде әжетханалар аулада орналасқанын жеткізді.

«Тараздағы трагедия мектептегі видеобақылау жүйесінің тиімсіздігін көрсетті. Ресми жаңалықтарда аталған ер адам мониторларда бір сағат бойы көрініп тұрғаны хабарланды. Алайда оған ешкім назар аудармаған. Жалпы, білім беру ұйымдарында балалардың өмірі мен қауіпсіздігіне мектеп мекемесінде жұмыс істейтін барлық адам жауапты, оның ішінде мектеп инспекторлары да бар», - деді ол.

Осы орайда ол көп жағдайда инспекторлар мектепте болмайтынын, олар көбіне кеңестер немесе басқа да шараларда жүретінін жеткізді.

Мектеп инспекторлары өз қызметінде ұзақ тұрақтамайтынын айтқан И. Унжакова: «Олардың жиі ауысуы салдарынан балалар да, мұғалімдер де мектеп инспекторының түрін есте сақтап үлгермейді. Ішкі істер министрлігі мәліметінше, қазіргі кезде мектеп инспекторларымен жасақталмау деңгейі 2000 бірлікті құрап отыр», - деді.

Осы орайда депутат аталған проблемаларды ескере отырып, кешенді әрі жүйелі шараларды қабылдауды ұсынды.

Бұл ретте, барлық мектепті ғимарат ішіндегі әжетханамен қамтамасыз ету, бейне бақылау жүйесін интеграциялау жұмыстарын жеделдету мәселесі көтерілді. Сонымен қатар, мектеп инспекторларымен толықтай қамтамасыз ету, бейтаныс адамдардың білім беру мекемесінің аумағына кіруін шектеу бойынша қатаң тәртіпті енгізу ұсынысы айтылды.

Бұған дейін Тараздағы №6 мектептің 7-сынып оқушысы білім ордасының әжетханасында зорланғаны, күдіктінің қолға түскені, оған жауапты басшылардың жұмыстан қуылғаны хабарланған болатын.

Оқиғадан кейін Жамбыл облысының барлық мектептерінде қауіпсіздік күшейтілді.

Соңғы жаңалықтар