Балалар екпе алмаса да, тегін емделеді - ДСМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Екпе алмаған балалар тегін медициналық көмек ала алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта министрлікте норманы қарастыратын жаңа кодекс жобасы талқылануда.

«Егер екпе егілмеген бала ауырып қалса, ТМККК шеңберінде емдеу тегін болады. Заң жобасында балаларды вакцинациялау құқығын бұзатын ата-аналарға қатысты айыппұл санкцияларын енгізу туралы ұсыныстар бар», - деп мәлімдеді Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің баспасөз қызметі.

Егер бала егілмесе және вакцинациядан бас тарту нәтижесінде ауырып қалса, оған тегін медициналық көмек көрсетіледі. Комитетте айтылған айыппұл барлық ата-аналарға қатысты емес. Мемлекеттік вакцинациядан бас тарту салдарынан бала ауырып қалған жағдайда ғана ата-аналарға айыппұл салынуы мүмкін. Егер бала егілмеген және ауырып қалмаған болса, онда ата-аналарға ешқандай айыппұл салынбайды.

Жыл басынан бері 6 мыңға жуық вакцинациядан бас тарту дерегі тіркелді. Барлық ата-аналармен жеке жұмыс жүргізіледі. Барлық балалар динамикалық бақылауда.

Ведомстводан бас тарту себептері туралы да хабардар етті. Жеке көзқарасы бойынша бас тартқандар - 50%-ға жуық (Алматы, Нұр-сұлтан, ШҚО), діни наным-сенім бойынша бас тартқандар - 35% (Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе), вакцина сапасына сенімсіздік, БАҚ-тағы жағымсыз жарияланымдар, вакцинадан кейінгі асқынулардан қорқып бас тартқандар - 15% .

«Аталған іс-шараларды енгізудегі мақсат - қоғам үшін жұқпалы аурулардан болатын жағымсыз салдарды жою» дейді комитет.

Еске сала кетейік, кеше Қазақстанда екпе салдырмаған сәби ауырса, ата-анасы емдеу ақшасын қалтасынан шығаратыны айтылған болатын. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова айтқан еді.





Соңғы жаңалықтар