Балалар авиабилетін субсидиялау: Биыл 2 мың бала қамтылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Үкімет отырысында биыл Kids Go Free бағдарламасының игілігін көретін балалардың саны артатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ерекше қажеттіліктері бар балаларға айрықша көңіл бөлінеді, осы бағытта «Children Paralympic Games 2023» инклюзивті спорт фестивалі өткізіледі. Оған еліміздің барлық өңірінен 6-15 жас аралығындағы «ерекше» балалар қатысады, «Инклюзивті хореография» үйірмесінің тәрбиеленушілері арасында би байқауы өтеді.

«Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасы аясында «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорымен бірлесіп тегін бейімделген спорт секциялары ұйымдастырылады», - деді ол.

Министрдің айтуынша, ведомство мұрындық болатын спорттық іс-шара мен жобалардың бәрі балалар үшін тегін болады.

«Балалар саяхатына қатысты жобаларды қолдау ерекше басымдыққа ие. Мәселен, оқушылар арасындағы жоғары сұраныс пен өзектілікті ескере отырып, тарихи-мәдени және туристік объектілерге бару бойынша «Жанды сабақтар» жобасын трансформациялау жоспарлануда. Еліміздің барлық өңірінде балалар аудиториясына бағытталған туристік өнімдер желісі кеңейтіледі.

Жалпы балалармен қолайлы отбасылық демалысты ынталандыру үшін министрлік өткен жылдан бастап турпакет құрамында балалар авиабилетін субсидиялау бағдарламасын (Kids Go Free Фри) іске асыруда.

Бағдарлама негізінде бірінші жылдың қорытындысы бойынша турпакет құрамында 1 500 бала тегін ұшты. Биыл осы бағдарламаны іске асыруды жалғастырамыз, 2 мыңнан астам бала қамтылады деп күтілуде», - деді Асхат Оралов.


Соңғы жаңалықтар