Балалар арасында жиі кездесетін ротавирус туралы не білеміз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ротавирус балалар арасында жиі кездесетін инфекциялық ауру. Бұл балада гастроэнтериттің белгілерін тудырады және егер оны уақытында емдемесе, арты қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласындағы көпсалалық балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі Валентина Новикова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Валентина Новикованың айтуынша, ротавирус - бұл ішек транзитіне әсер ететін және әдетте балаларда қатты диарея мен құсу тудыратын вирус. Егер вирустың ауыр түрі болса ол өлімге алып келуі мүмкін.

«Көпшілік жағдайда ротавирусты «ішек грипі» деп атайды, алайды бұл қате пікір. Оның гриппе ешқандай қатысы жоқ. Ауру кездейсоқ және эпидемиялық індет түрінде де кездеседі. Оның ошағы балабақша, ауруханаға жатқызылған балалар арасында, қарттар үйлерінде жиі кездеседі. Аурудың жиілігі маусымдық сипатқа ие. Қыс айларында вирустың таралуы күрт артады», - дейді Валентина Новикова.

Ал аталған аурухананың педиатры Айнұр Аманбаеваның айтуынша, ротавирус - балалар арасында өте оңай және тез таралатын вирус түрі.

«Вирус ауыз қуысының фекальды түрі, яғни вирус баланың нәжісінде кездеседі және ол жеке гигиена талаптарын сақтамау салдарынан да жұғуы мүмкін. Сонымен қатар инфекция жұқтырған адаммен тығыз байланыста аэрогендік жолмен берілуі мүмкін. Ротавирус вириондары қоршаған ортада жақсы сақталады, сонымен қатар төмен температураға жақсы төзеді. Ротавирусқа қарсы бактериялық және паразиттік агенттерді жою үшін жеткілікті деп саналатын санитарлық шаралар статистикалық тұрғыдан тиімсіз болады», - дейді А.Аманбаева.

Ротавирустың А түрі дүниежүзі елдерінде кең таралған. Жыл сайын вирус белгілерінің 25 млн-ға жуық жағдайы тіркеледі, оның 600-900 мыңы осы дерттен көз жұмып жатады.

Педиатр Инна Калакпасованың сөзіне қарағанда, бұл вирус ациклдік сипатқа ие. Бірінші цикл инкубациялық кезең (1-5 күн), жедел кезең (3-7 күн, аурудың ауыр ағымында — 7 күннен астам) және сауығу кезеңі (4-7 күн) деп бөлінеді.

«Ротавирустық инфекцияның басты белгілері - құсу, дене қызуының көтерілуі, диарея, нәжіс түсінің өзгеруі. Сонымен қатар, мұрынның бітелуі, тамақтың қызаруы, жұтылу кезінде ауырсыну пайда болады. Жедел ауру белгілер кезінде тәбет төмендеп, күш жоғалту жағдайы байқалады. Оны ресми емес «ішек тұмауы» деп те атап жатады», - дейді Инна Калакпасова.


Дәрігер мамандардың айтуынша балалар арасында жиі кездесетін вирусты дер кезінде анықтап, дұрыс емдеу қажет. Бұл мүмкін болатын қайғыла жағдайларды алдын алады.

«Жалпы бұл вирустан емдеудің негізгі мақсаты - инфекцияның ағзаға әсер ету нәтижелерімен күресу. Ең алдымен емдеуде регидратациялық терапия қолданылады, сорбенттерді қабылдау тағайындалуы мүмкін (белсендірілген көмір, диоктаэдрлік смектит). Жеткілікті ауыр жағдайларда сұйықтықты көктамыр ішіне немесе назогастральды зонд арқылы енгізу, электролиттер мен қандағы қантты бақылау арқылы ауруханаға жатқызу қажет. Антибиотиктерді қолдану ұсынылмайды. Белсенді ротавирустық инфекциямен күресу үшін тиімді вирусқа қарсы препараттар жоқ», - деп толықтырды Валентина Новикова.

Нұр-Сұлтан қаласындағы көпсалалық балалар ауруханасы мамандары ротавирусты емдеуде науқастың тамақтану режмін қадағалау маңыздылығын ерекше атап өтті.

Науқастың ас мәзірінен ащы, майлы, тәтті (жеміс шырындарын қоса), сондай-ақ сүт өнімдерін (нәрестелерді тамақтандыру кезінде емшек сүтінен басқа), құрамында кофеин бар тағамдарды, сода, цитрус жемістері мен желатинді алып тастау ұсынылады. Жақсы құнарлы тамақ пен сұйықтың вирустың асқынуын алдын алады және ағзада қажетті иммунитеттің түзілуіне мүмкіндік береді.


Соңғы жаңалықтар