Балалар арасында өтетін «Айбын» жиынына биылдан бастап тоғызқұмалақ енгізілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриотық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейірбек Мендіғалиев биыл «Айбын» онлайн әскери-патриоттық жиынында қандай байқаулар өтетінін айтты, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, соңғы 6 жылдан бері өткізіліп келе жатқан дәстүрлі байқаулар мен сайыстардың бәрі өзгеріссіз қалған.

«Айбын дарыны» зияткерлік ойыны жалпы білім беретін пәндер мен әртүрлі саладағы аудио, видео сұрақтардан тұрады. Әр команда 1 қатысушыдан қатыстырады. «Мейірім біріктіреді» сайысында әр команда әлеуметтік желіде челленджді іске қосады. Ең көп «лайк» жинаған команда жеңіске жетеді. «Айбын жұлдызы» шығармашылық байқауында Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық бейнебаян дайындау қажет. Робот техникасы бойынша «SMART SARBAZ» конкурсы аясында әр команда бір жобаны ұсынуға тиіс. Ол үшін 5 минутқа дейін уақыт беріледі. Мобильді қосымшаның камерасына түсу арқылы өз жобаларын төрешілер алдында қорғайды», - деді бірлестік төрағасы оратлық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Сондай-ақ, ол спорттық және әскери дайындық бойынша норматив тапсыру биыл да болатынын ескертті.

«Нормативтерге кермеде тартылу, шалқалап жатып денені көтеру, АК-74 ішінара бөлшектеу мен жинақтау кіреді. «Саламатты жас сарбаз» конкурсында командалардың алғашқы медициналық көмек көрсету қабілеттері тексеріледі. Бұл конкурс жастардың арасында медициналық волонтерлікке баулу үшін де назарға алынды. Рухани құндылықтардың өзектілігін арттыру үшін «Тоғызқұмалақ» ұлттық ойыны жиын шеңберінде алғашқы рет өткізілетін болады. Жастардың ойлану қабілетін дамытуға ықпал ететін жаңа байқау қатысушылар арасында үлкен сұранысқа ие болатынына сенімдіміз», - деді Мейірбек Мендіғалиев.


Соңғы жаңалықтар