Балаға өмір сыйлап кетті: Елордада ерлікпен көз жұмған сержант марапатталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Қарулы Күштері Әуе Қорғаныс күштері басшылығы 12 жасар баланы құтқарып, опат болған кіші сержант Ерлан Райымқұловты ерлігі мен қайсарлығы үшін қайтыс болғаннан кейін марапаттады. Марапат сержанттың туыстарына табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Марапаттау рәсімі ҚР Қарулы күштері Әуе қорғаныс күштері бас қолбасшылығының басқармасында өтті. Рәсім алдында залда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны шырқалып, содан кейін бас штабтың бастығы - ҚР ҚК ӘҚК бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Н.Мұқанов Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығын оқыды.

«Адам өмірін құтқаруға қатысты сын сағаты соққан кезде ерлік пен қайсарлық танытқаны үшін кіші сержант Райымқұлов Ерлан Тоқтарбайұлы қайтыс болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен, өз өміріне төнген қауіпті елемей, адам өмірін құтқаруда батылдығы мен жанқиярлығы, жанкештілігі үшін «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталсын», - делінген Жарлықта.

Марапатты қайтыс болған әскери қызметшінің зайыбына Әуе Қорғаныс күштерінің Бас қолбасшысы, авиация генерал-майоры Н.Карбенов табыстады.

«Ерланның ерлігі - әрбір қазақстандыққа үлгі. Ерлікті қызметтік міндет кезінде ғана емес, кез келген жағдайда таныта білуге болады. Сын сағатта Ерлан өз таңдауын жасады - ерлік жолын таңдады. Ол жас болса да, батылдығымен жас балаға өмір сыйлап кетті. Өз ерлігімен ол ер жігіттің қандай болуы керектігін белгілеп берді», - деді ҚР ҚК ӘҚК бас қолбасшысының орынбасары Т.Қойшығұлов.

Өз кезегінде кіші сержанттың анасы Ризагүл Назарбекова көз жасына ерік беріп, ұлына көрсетіліп жатқан құрметке алғысын білдірді.

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 10 мамыр күні сағат 12-10-да Есіл өзенінің «Газмашаппаратура» саяжай аумағында болған. Итінің соңынан суға секіріп, батып кете жаздаған 2007 жылы туған қызға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Өзен сағасында балық аулап отырған жігіттің арқасында қыз аман қалды. Өкінішке қарай, қызды құтқарған 1981 жылы дүниеге келген азамат ағысқа төтеп бере алмай, суға батып кетті.

Соңғы жаңалықтар