Балабақшаларды лицензиялауда қатал талап болмайды - Аймағамбетов

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Балабақшалардың 95 пайызы мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау жүйесіне қолдау көрсетіп отыр. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жеке ұйымдар қауымдастықтарының басым көпшілігі бұл бастаманы қолдайды, толық қолдайды. Жақында ғана Amanat партиясы жанындағы комиссияның отырысы өтіп, лицензиялауды енгізу мәселесі қаралды. Меніңше, осы отырыста мектепке дейінгі ұйымдардың қауымдастықтары мен жекеменшік балабақшалардың құрылтайшыларының өздері, мемлекеттік балабақшалар бұл бастаманы қолдап қана қоймай, мемлекет осы рәсімге жауапкершілікпен қарап, оны енгізуі тиіс деп нақты айтқан болатын», - деді Асхат Аймағамбетов.

Министр лицензиялауды енгізу кезінде мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларға бірдей талап болатындығын баса айтты.

«Бұл жерде тәуекелдерді ескеруіміз керектігі түсінікті. Кезеңділік, балабақшалар орындай алатын критерийлер мен біліктілік талаптары болуы керек. Белгілі бір шектес елдерде бар критерийлерді қоя алмаймыз. Өйткені, бізде балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды төмендетпеу міндеті тұрғанын байқап отырмыз. Демек, мектепке дейінгі ұйымның ғимараты міндетті түрде меншікте болуы керек деген мәселені ешкім көтермейді. Бірақ, енді балаларды терезесі жоқ, желдетілмейтін жертөледе тәрбиелеуге жол берілмейді, яғни өте қолайлы жағдай жасалады. Дегенмен, кейбіреулер нарықты иландыруға тырысып жүргеніндей ешқандай қатал іс-шаралар болмайды. Талап ақылға қонымды, сайма-сай және қолжетімді болады», - деп түсіндірді ол.

Айта кетейік, бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында тамыз конференциясы аясында «Білім сапасын қамтамасыз етудің ұлттық жүйесі» тақырыбында панельдік сессияның жалпы отырысы өтіп жатыр.

Бұған дейін министр Білім алушылардың оқу жетістігін мониторингілеу PISA сияқты құрал болуы керектігін айтты.


Соңғы жаңалықтар