Балабақшадан алған орынды өзара келісіп ауыстыруға тыйым салынады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Балабақша орынын өзара келісіп ауыстыруға тыйым салынады. Аталған салада сыбайлас жемқорлық әрекеттері бар. Осыған байланысты ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі балабақшалар арасында өзара келісіп орын ауыстыруды жаңа мемлекеттік қызмет ретінде тіркеп, ресми түрде жүргізуді ұсынып отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Агенттіктің Астана қалалық департаментінің директоры Жазира Жылқышиеваның айтуынша, бүгінде білім беру саласында жасырын қызметтер бар. Оның бәрін ресми түрде тіркеп, рұқсаттарды заң бойынша берген жөн.

«Мәселен, бір елді мекеннің ішіндегі балабақша немесе мектеп орындары өзара келісім бойынша ауыстырылады. Ата-аналар білім мекемесінің басшысымен сөйлеседі де, балалардың жас ерекшелігі сәйкес келсе, орынды ауыстыра салады. Дәл осы мәселе заңды түрде реттелмейді. Ал нақты регламент болмаса, сыбайлас жемқорлықтың қаупі туындайды. Себебі мекеме басшысы өз қалауымен баланы қабылдайды», - деді Ж.Жылқышиева «Астана-адалдық алаңы» аясында өткен жиында.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде кезекте тұрған баланы бірден ата-аналар арасында сұранысы жоғары балабақшаға жібермейді. Алдымен сұранысы төмен балабақшаға жолдама беріледі. «Осыдан кейін ата-аналар өздері қалап отырған балабақшаға жүгіреді. Әкімшілікпен келісіп алады да, кезекті айналып өтіп, өз балаларын қызметі жақсы балабақшаға өткізеді. Біз дәл осы жұмысты мемлекеттік қызметтер тізіміне қосуды ұсынамыз», - деп атап көрсетті Ж.Жылқышиева.

Айта кетейік, бүгінгі жиында Астана әкімі Әсет Исекешев бюджеттік сала қызметкерлеріне 1 миллион теңге көлеміндегі тұрғын үй куәліктерінің берілетінін мәлімдеді. Қазіргі кезде біз қала қызметкерлеріне арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын әзірлеп жатырмыз. Оны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы іске асыратын ойымыз бар. Тұрғын үй куәліктері арқылы біз мұғалімдер, дәрігерлер және тағы басқа мамандардың баспана мәселесін шешуді көздейміз", - деп атап көрсетті Ә.Исекешев. 

Ал ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев оқушылардың барлық бағаларын онлайн режимде бақылап отырғанын жеткізді. 

Соңғы жаңалықтар