Балабақшадағы улану оқиғасы: Балалардың диагнозы анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы №36 балабақшаның балалары ауруханаға өткір ішек инфекциясымен түскен. Бұл туралы Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров Астанада өткен брифингте айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Таңертең балаларға арналған инфекциялық ауруханаға  өткір ішек инфекциясы диагнозымен алты бала, ал ересектерге арналған инфекциялық ауруханаға дәл осы диагнозбен тәрбиелеуші түсті. Олардың жағдайы орташа дәрежеде. Поликлиниканың аумағында осы инфекция жұғуы мүмкін сол топтағы 15 бала тексеріліп жатыр. Оларды тұрақты түрде бақылаудамыз», - дейді ол.

Оның айтуынша, аурудың мұндай түрі әр түрлі жағдайда жұғуы мүмкін. Әдетте мұндай диагнозбен түскен емделушілер бір аптадан кейін жазылып, үйіне қайтып жатады.

«Аурудың қалай жұққанын Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау департаментінен сұрау керек. Олар қазір қажетті шараларды жүргізіп жатыр. Тексерістен кейін тиісті шаралар қолға алынады», - дейді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Астана қаласының әкімдігі бұл мәселе бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаған болатын. 

7 ақпан күні аталмыш балабақшадағы жоғары топтың тоғыз баласы құсып, олардан диарея мен температураның бары анықталған. Сонымен бірге, балабақшаның тәрбиелеушісі де ауырып қалған. Қазіргі уақытта ауруханада алты бала, бір тәрбиелеуші мен бір күтуші емделіп жатыр. 

Соңғы жаңалықтар