Балабақшадағы шулы оқиға мен студенттердің тамақтан улануы: Тексеріс қорытындысы жарияланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласы Тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі және сапасын бақылау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов балабақшадағы бүлдіршіндер мен студенттердің улануына қатысты оқиғаның мән-жайын түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттері қазан айында «Е.Ш.Тоғызбаева» жеке кәсіп иесі жалдап отырған буфеттен шоколадты бәліш пен ет қосылған палау жегеннен кейін инфекциялық ауруханаға түскен.

Тексеру барысында ол буфеттен келесі олқылықтардың бары анықталды: онда кондитерлік өнімдерді өндіруге қажетті жағдай болмаған, бактерицидтік сәулелендіруші берілмеген, кесетін жабдық белгіленбеген, сапа мен қауіпсіздік құжаттары жоқ өнімдер пайдаланылған.

«Е.Ш.Тоғызбаева» жеке кәсіп иесіне қатысты хаттама толтырылып, оған 230 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Кемшіліктердің көзін жою керектігі ескертілді.

Қыркүйек айында 8 бала уланған «Happy Minds» ЖШС-нің жеке балабақшасында келесі негізгі бұзушылықтар анықталды:

азық-түлік тауарларына олардың сапасы мен қауіпсіздігі туралы құжаттар жоқ, азық-түлік сақтау кезінде тауарларды жеке қою тәртібі сақталмаған;

бракераж туралы, тағамдардың сапасын органолептикалық бағалау және тамақтану бөлімі қызметкерлерін тексеру нәтижелері бойынша журналдар толтырылмайды;

санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды жоқ;

киім жуатын орын қарастырылмаған, апта сайын төсек-орын ауыстыру және жуу тәртібі жоқ.

Тамақтан улану фактісін негізге ала отырып, Қылмыстық кодекстің бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, рұқсат құжаты болмағандықтан, сот «Happy Minds» ЖШС-не айыппұл салды. Бұл балабақша өз бастамасымен санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алғанға дейін жұмысын тоқтатып отыр.

Айта кету керек, 2019 жылдың 9 айында мыңнан астам тексеру жұмыстары жүргізілген.

Санитарлық ережелер мен гигиеналық нормаларды бұзғаны үшін елордадағы жалпы балабақшаларға 81,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 71,6 миллион теңгесі өндірілген. Сот органдарына 60 материал жіберілген. 18,1 млн. теңгені құрайтын 38,1 тонна қауіпті өнім сатылымнан алынып тасталған.

Соңғы жаңалықтар