Балабақшадағы оқыту жүйесінде ауқымды өзгерістер болады - Аймағамбетов

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мектепке дейінгі білім жүйесінде ауқымды өзгерістер болады. Бұл туралы Үкімет отырысында еліміздегі білім беруді дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын талқылау кезінде Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тұжырымдамада стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда белгіленген басымдықтар, Мемлекет басшысының тапсырмалары толық қамтылды. Біз түрлі халықаралық зерттеулердің, талдаулардың нәтижелерін ескеріп, сарапшылар мен педагог қауымдастықтарымен барлық мәселені талқыладық. Құзыретіміз бойынша 6 бағыт 17 индикатор және 109 іс-шара көзделген», - деді А. Аймағамбетов.

Осы орайда ол балаларды ерте дамыту бағытына тоқталды.

«Білім саласының ең маңызды деңгейі – ол балабақша. Зерттеулерге сәйкес баланың интеллектуалды, әлеуметтік, эмоциялық дамуында балабақшалардың әсері зор. Сол себепті балаларды ерте дамытудың жаңа моделі енгізіліп жатыр. Бағдарлама да, оқыту әдістері де түбегейлі өзгеріп отыр. Бұл Тәуелсіздік жылдарында мектепке дейінгі білім жүйесіндегі ең үлкен өзгерістің бірі екенін атап өткен жөн», - деді министр.

Оның пайымынша, бұның алдындағы бағдарлама тым академиялық болды.

«Яғни 3-4 жасар баланы отырғызып қойып, 20 минуттен оқытсақ, енді халықаралық зерттеулер аясында тәрбие мен оқыту балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес ойын арқылы жүргізіледі. Ойын – баланың жаны мен тәніне сай келетін табиғи әрекет. Бала сол арқылы қоршаған әлемді зерттеп, оны тани отырып, қажетті дағдыларын дамытады. Осы орайда баланың тұтас дамуы үшін барлық жағдайлар қарастырылады. Балалар коммуникативті, өзіне сенімді, қиындықтарға төзімді, дендері сау, ашық және креативті ойлайтын, сондай-ақ отансүйгіштік, еңбекқорлық пен білімге құштарлық құндылықтарын бойына сіңіріп балабақшадан тәрбиеленіп шығатын болады», - деді ведомство басшысы.


Соңғы жаңалықтар