Балабақшада балаларға қол көтерген тәрбиеші хабарсыз кетті

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысындағы Іле ауданының Байсерке ауылындағы «Ниет-ай» жеке меншік балабақшасында тәрбиеленушілерге қол көтерген маман жоғалып кетті. Балаларға қатыгездік танытқан тәрбиешінің әрекеті әлеуметтік желіге тарағаннан кейін ол жұмысқа келмей, ұялы телефонына да жауап бермей жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Балаларға қатыгездік танытқан маман 5 тамызда аталған жеке меншік балабақшаға тәрбиешінің көмекшісі болып жұмысқа орналасқан. Оған өзінің мүмкіндіктерін көрсету үшін бір ай сынақ мерзімі берілген. Ал 13 тамызда Екатерина есімді ана екі баласын осы балабақшаға алғаш орналастырған. Дәл сол күні тәрбиеші жаңадан келген балаға қол көтерген. Бөлмедегі бақылау камераларындағы жазбалар қаралып, мән-жай анықталғаннан кейін жаңадан орналасқан маман кешірім сұраған. Бірақ оның әрекеті әлеуметтік желіге тарап кеткеннен кейін тәрбиеші жұмысқа келмей, ұялы телефонына жауап бермей жатыр. Қазір Іле аудандық білім бөлімі балаларды ұрған тәрбиешіні жұмыстан шығару жөнінде балабақшаға ұсыныс жіберді. Ал балалардың ата-анасы прокуратураға арыз түсірді. Нақты қандай шешім қабылданатынын осы құзырлы орган шешеді»,- Іле ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Бақтияр Талғатұлы.

Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік желіде баланы ұрған тәрбиешінің видеосы жарияланғанын хабарлаған болатынбыз. Бейнежазбада белгісіз әйел ұйықтап жатқан баланы мазалап, беті мен жамбас тұсынан ұрғаны анық көрінеді. Артынша, ата-ана балабақшада бүлдіршінді ұрған тәрбиешінің үстінен полицияға арыз түсірді.

«Баланың ата-анасы Іле аудандық полициясына тәрбиешінің үстінен арыз түсірді. Тәртіп сақшылар қажетті сараптаманы тағайындады. Соған сәйкес, процессуалдық шешім қабылданатын болады», - делінген аталған ведомствоның таратқан ақпаратында.

Айта кетейік, шілде айында Талдықорғандағы жеке меншік балабақшада осыған ұқсас жағдай болған. Бүлдіршіндерге қол көтерген тәрбиешінің үстінен ҚР ҚК 141-бабына сәйкес қылмыстық тергеу басталды.

Соңғы жаңалықтар