Балабақшада ата-аналардан ақша жинау қаншалықты заңды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – ШҚО білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева балабақшада ата-аналардан ақша жинаудың қаншалықты заңды екендігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірде 2-ден 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші - 97,8%.

Балабақшадағы кезекті жою мақсатында арнайы әзірленген жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін 2875 жаңа орын ашу жоспарланған.

Бүгінгі таңда балабақша кезегінде 2-3 жастағы 1675 бала тұр. Ал аймақтың екі ауданы Катонқарағай және Самарда орын тапшылығы жоқ.

«Өткен жылы облыстағы балабақшаларда 1080 жаңа орын ашылды. Биыл Өскеменде 5 балабақша салынып, 880 орындық бұрынғы 5 балабақша ғимараты нысаналы мақсатқа қайтарылады. Сондай-ақ жұмыс істеп тұрған балабақшаларды 300 орынға кеңейту жоспарлануда. Оның ішінде Зайсан ауданында 125 орынға, Риддер қаласында, Алтай, Глубокое, Күршім, Тарбағатай, Ұлан, Шемонаиха аудандарында 25 орынға арттырылады», - дейді басқарма басшысы Инесса Чернышева.

Осы ретте ол ата-аналар жиі қоятын «балабақшалардың әртүрлі қажеттіліктеріне қаражат жинау қаншалықты заңды?» деген сауалға жауап берді.

«Мектепке дейінгі мемлекеттік және жеке меншік ұйымдарды қаржыландыру, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды, орта білім беруді, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 27 қарашадағы № 596 бұйрығына сәйкес, оқытудың кредиттік технологиясын ескере отырып жүргізіледі. Қаржыландырудың жан басына шаққандағы нормативінде ұйымды ұстауға жұмсалатын барлық шығыстар көзделген. Осылайша, мемлекеттік ұйымдарда материалдық-техникалық жарақтандыру жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Сондықтан мұндай балабақшаларда ата-аналардан ақша жиналмауы тиіс. Ал жеке ұйымдарда қаржыландыру құрылтайшының қаражаты есебінен жүзеге асырылады және егер шартта ерікті демеушілік көмек туралы тармақ болса, онда осы мақсаттар үшін ата-аналардың қаражатын тартуға болады», - деп түсіндірді И.Чернышева.

Соңғы жаңалықтар