Балабақша меңгерушісі еңбек демалысына шығарғаны үшін пара алған - Алик Шпекбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев білім беру саласында алым-салым жинау мәселесінің өршіп кеткенін жеткізді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бір ретте Президентіміз ақша арқылы жұмысқа тұру мәселесін көтерген еді. Иә, оңтүстік жақта ондай көп шығар. Соңғы кезде оң өзгерістер бар сияқты. Дегенмен, осыдан бір апта бұрын Қызылорда облысында балабақша меңгерушісі парамен ұсталды. Ол қызметкерді еңбек демалысына шығарғаны үшін 10 мың теңге алған», - деді А.Шпекбаев «Астана-адалдық алаңы» жобасы аясында өткен жиында.

Бұдан бөлек, білім беру мекемелерінде ақша жинау тыйылмай отыр. Астана қалалық департаменттің басшысы Жазира Жылқышиеваның айтуынша, соның өзі тұрмыстық сыбайлас жемқорлық болып саналады.

«Біз қоғамдық ұйымдардың қатысуымен арнайы сауалнаманы өткіздік. Сонда 100 адамның ішінде 87-сі ақшаны жинаудың бар екенін растады. Ондай алым-салымның сомасы бір тоқсанда 10 000 теңгеге дейін барады», - деп атап көрсетті Ж.Жылқышиева.

Оның айтуынша, «Астана - адалдық алаңы» жобасының пилоттық кеңсесі білім басшыларының жеке жауапкершілігі бойынша арнайы құжатты әзірледі. Оны Астанадағы аудан әкімдері, басқарма басшылары мен мекеме жетекшілері қабылдады.

«Бүгіннен бастап білім беру мекемелері басшыларының жеке жауапкершілігі күшейді. Жаңа құжатқа сәйкес, басшы қол астындағы қызметкерлердің заңсыз әрекеті үшін жауап береді. Мектеп оқушылары мен ата-аналардан ақша жинауға қатаң тыйым салынып отыр», - деді Ж.Жылқышиева.

Айта кетейік, бүгінгі жиында Астана әкімі Әсет Исекешев бюджеттік сала қызметкерлеріне 1 миллион теңге көлеміндегі тұрғын үй куәліктерінің берілетінін мәлімдеді. Қазіргі кезде біз қала қызметкерлеріне арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын әзірлеп жатырмыз. Оны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы іске асыратын ойымыз бар. Тұрғын үй куәліктері арқылы біз мұғалімдер, дәрігерлер және тағы басқа мамандардың баспана мәселесін шешуді көздейміз", - деп атап көрсетті Ә.Исекешев. 

Ал ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев оқушылардың барлық бағаларын онлайн режимде бақылап отырғанын жеткізді.  Алдағы уақытта балабақшалар арасында орынды өзара келісіп ауыстыруға тыйым салынбақшы. 

Соңғы жаңалықтар