Балабақша мен спорт кешені орнына көппәтерлі үйлер салынған – елордалықтар бейбіт митингке шығады
2022 жылғы 10 тамыз 21:00

Балабақша мен спорт кешені орнына көппәтерлі үйлер салынған – елордалықтар бейбіт митингке шығады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада «Sport City» ТК тұрғындары балабақша мен спорт кешенінің орнына көппәтерлі кешен салынғанына наразы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олардың айтуынша, қаланы дамытудың бас жоспарында аталған учаскелерде Геннадий Головкин атындағы спорттық-ойын-сауық кешені, 280 орындық балабақша мен бизнес-орталық құрылысы жоспарланған. Алайда елорда әкімдігі қоғамдық тыңдау өткізбей, ауданның жоспар жобасын өзгерткен, ал жоғарыда аталған нысандардың орнына көппәтерлі тұрғын үйлер салынуда.

Қазақстанның Халық партиясы алаңында «Sport city» ТК тұрғындары Керей Жәнібек хандар, Орынбор көшелері мен Тұран даңғылы қиылысындағы үш жер учаскесінде проблемалық құрылысқа алаңдаушылық білдірді.

«Біздің мәселе – елорда әкімдігі жасаған заңсыздықтың анық мысалы, олар құрылысшылар үшін қала жоспарын оп-оңай өзгертеді. Бастапқыда бас жоспар бойынша бізде Геннадий Головкин атындағы спорт кешені, 280 орындық балабақша және бизнес орталығы салынуы тиіс еді. Не болып жатыр? Әкімдік жоспарды заңсыз өзгертіп жатыр. Неге заңсыздық деп айтамыз? Себебі қоғамдық талқылаусыз жоспарға түзету енгізілген, яғни құрылыс, қала құрылысы және сәулет қызметі туралы заңға сәйкес тұрғындардың пікірлері ескерілмеген», - деді «Sport city» ТК тұрғыны Лейла Таутенова.

Лейла Таутенова Геннадий Головкин атындағы спорт кешенінің орнына фитнес орталығы бар 9 қабатты көппәтерлі баспана салынатынын айтты. Балабақша орнында тағы бір тұрғын үй кешені салынған, ол жақын арада пайдалануға беріледі. Сотта талқыланған үшінші нысан – бизнес орталығы еді, оның да орнына құрылысшылар тағы бір кешен салып жатқан көрінеді.

«Айналамызда осындай заңсыздықтар болып жатыр. Ішінара құрылыстың тұрғындар үшін зиянды салдары бар. Мұндай бейберекет құрылыс әлеуметтік нысандардың, жол желілерінің, жасыл кеңістіктердің болмауына, байланыс пен инфрақұрылым проблемаларына әкеп соғады», - деді Л. Таутенова.

Оның айтуынша, «Sport city» ТК тұрғындары шамадан тыс жүктеме артылған Тұран даңғылына ғана шыға алады. Жалпы, белсенділердің айтуынша, Керей-Жәнібек, Қабанбай батыр, Орынбор, Тұран көшелерінде 10 мыңнан астам адам тұрады.

«Sport city» ТК тағы бір тұрғыны Виолетта Мауль дөңгелек үстелде белсенділер мәселені шешуге тырысып, сотқа шағым түсіргенін айтты.

«Біз егжей-тегжейлі жоспарлау жобасындағы өзгерістерді жарамсыз деп тану үшін әкімдік үстінен сотқа арыз бердік. Әкімдік айтқан пікірлердің бірінде тұрғындардың жоспарға шағымдануға құқығы жоқ екені айтылды. Неліктен біз олардың шешіміне шағымданып, пікір білдіре алмаймыз? Биылғы 26 шілдеде біздің арызға теріс жауап келді», - деді В. Мауль.

Лейла Таутенованың айтуынша, спорт кешені салынуы тиіс жерде құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған жоқ, бірақ учаскенің өзі қоршалған. Ал нысанның паспорты жоқ.

«Балабақша орнына салынған екінші нысан құрылысы аяқталып қалды. Құрылыс және ТКШ істері комитетінің жоспардан тыс тексеруінде өрескел бұзушылықтар анықталды. Әлі күнге дейін бұл нысанның төлқұжаты жоқ, бірақ тұрғын үйді ресми түрде іске қосқалы жатыр. Тексеруден кейін сәулет-жоспарлау тапсырмасы жойылды. Үшінші нысанда да төлқұжат жоқ. Мемлекеттік сараптама жүргізілмеген. Компания рұқсат құжаттарынсыз, тек әкімдік қаулысының негізінде ғана құрылысқа кіріскен. Мұны Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті растады», - деді тұрғын.

Қазір тұрғындар сот шешіміне шағымдануға ниетті, өйткені олар бұл шешіммен келіспейді.

«Келесі аптада біз қалалық сотқа шағымдануды жоспарлап отырмыз, ал бұрынғы алғашқы талабымыз мамандандырылған аудандық сотқа берілді. Тағы да біздің арыздан бас тартылса, Жоғарғы сотқа барамыз. Соңына дейін жетеміз», - деді Л. Таутенова.

Сонымен бірге, ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің бас сарапшысы Қайрат Өтемісов тұрғындар өтінішімен проблемалық құрылыстарға қатысты тексеріс қорытындысын айтты. Ол қала әкімдігінің егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын әзірлеуде жақын маңдағы үйлердің барлық талаптарын, атап айтқанда, қанша спорт кешені, балабақшалар, мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандар қажет екенін есепке алатынын түсіндірді.

«Сәулет басқармасы қатаң түрде заңға қайшы келетін қаулымен сәулет-жоспарлау тапсырмаларын (СЖТ) беріп отыр. Бұл келешекте барлық жерді сатып алуға болмайтын салдарға әкеп соғуы мүмкін. СЖТ жобалау және құрылыс үшін негіз болып саналады және болашақта тұрғындардың мүдделеріне, жер учаскелерінің меншік иелерінің мүдделеріне қауіп төнуі мүмкін. Біз Нұр-сұлтан қаласының әкімдігіне бірнеше рет хат жаздық», - деді Қайрат Өтемісов.

Жиын соңында Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев тұрғындарға белсенділігі үшін алғыс айтып, заң аясында әрекет етуге шақырды.

«Әкімдіктен шұғыл отырыс өткізуді сұраймын. Қала тұрғындары наразы, қандай да бір шара қабылдау қажет. Заңсыз құрылысты тоқтатып, тек балабақшаларға, қажетті маңызды әлеуметтік нысандарға ғана назар аудару керек. Бізге халық мүддесі үшін әрекет ететін халық билігі керек», - деді Ермұхамет Ертісбаев.

Е.Ертісбаевтың айтуынша, 20 тамызда тұрғындар наразылық білдіру үшін митингке шыққалы отыр. Оның айтуынша, бастамашыл топ қала әкімдігінен бейбіт митинг өткізуге рұқсат алған.

Қала тұрғындары биліктен бұзылған құқықтарды қалпына келтіруді, әкімдік қаулыларының күшін жоюды және заңсыз деп тануды, тұрғындардың пікірін ескеріп, балабақша мен спорт кешенін салуды, Керей Жәнібек хандар, Тұран даңғылы мен Орынбор көшесі аумағында жасыл рекреациялық аймақ құруды талап етуде.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT