Бала ұрламақ болған тәрбиешінің әлеуметтік жағдайы жақсы болған - Наталья Карасева

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Балабақшадан бала ұрламақ болған тәрбиешінің әлеуметтік жағдайы жаман емес, еңбекақысы басқа әріптестерімен салыстырғанда едәуір жоғары болған. Бұл туралы Алматы қаласындағы №96 бөбекжай-балабақашасының меңгерушісі Наталья Карасева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бес жасар баланы ұрлауға әрекеттенген Саягүл Жаңалық №96 балабақшада тәрбиеші болып 5 жылдан бері жұмыс істеп келген. Өзін тек жақсы жағынан көрсеткен үлгілі қызметкердің еңбекақысы да өзгелермен салыстырғанда жоғары болған.

«Біздің балабақшада 19 тәрбиеші жұмыс істейді. Әркімнің еңбекақысы әртүрлі, тәрбиешінің еңбек өтіліне байланысты. Саягүл 130 мың теңге алатын. Бір қызығы ол ешқашан әлеуметтік жағдайына шағымданған емес, оның бойынан тек ізеттілік пен кішіпейілділікті көретін едік. Тіпті ата-аналарда жұмысына ризашылықтарын білдіріп жүретін. Ол 1 шілдеден 12 тамызға дейін еңбек демалысына шыққан еді»,-деді №96 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Наталья Карасева.

Меңгерушінің айтуынша, ол Алматы қаласында тұрады. Тұрмыс құрмаған. Үш інісі бар.

Тәрбиеші ұрлап әкетпек болған баланың есімі Әлихан. Қазір ол балабақшаға келіп жүрген жоқ.

№96 Бөбекжай-балабақшасы — аралас мектепке дейінгі мекеме. Мұнда 12 топ жұмыс істейді. Олардың алтауы қазақ, алтауы орыс тобы. Барлығы 118 бала.

Естеріңізге сала кетейік,16 шілде күні Алматыда бет-әлпетін жасырған әйел балабақшадан бала ұрламақ болған. Алайда, жаман ойын іске асыра алмады. Кейін, 25 шілде күні күдікті ұсталды.

Алматы балабақшалары енді баланы туыстарына сенімхат көрсеткенде ғана береді.

Қазір полиция күдіктінің үстінен ҚР ҚК 125-бабы бойынша (адам ұрлау) қылмыстық іс қозғады.

Соңғы жаңалықтар