Бала туудан рекорд орнатсақ, оған балабақша мен мектеп дайын ба – Айдос Сарым

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым Мемлекет басшысының жаңа Жолдауына қатысты пікірімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пандемия кезінде «бэби-бумның» жаңа рекордын орнаттық деп жатырмыз. Оған балабаққша мен мектеп дайын ба? Былтыр 425 мың бала дүниеге келіпті. Оған биылдың жарты жылын қосып 1 млн нәресте деп алсақ. Ол 1 млн балаға 2 жылдан соң, балабақша керек, 6 жылдан соң мектеп керек. Осыны ескерген Президент 1000 мектеп мәселесін бүгіннен көтеріп отыр. Шаруа мектеп салумен бітпейді, оған кадр керек, оны дайындау бөлек әңгіме. Елорданың өзінде 1 мыңға жуық педагог тапшы екен. Көзді ашып-жұмғанша ол балаларға жоғары білім алу керек болады, одан әрі олар еліміздің еңбек нарығына қатысады. Осы тұрғыда мемлекет 1 млн баланы білім және жұмыспен қамтуға дайын ба деген сұрақ туындайды»- деді Айдос Сарым ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен «Antikor Live» жобасының эфирінде.

Оның айтуынша, елімізде әлемдік дәрежеде білім беретін оқу ордалары аз.

«Сондықтан Жолдаудағы тапсырмадан бөлек, қоғам білім беру мәселесімен шынайы айналысуы қажет. Жолдаудағы маған тағы бір ұнаған сәт, үлкен, мега жобалардан бас тартуымыз. Қарап отсаңыз, Жолдаудың ішінде үздік 30-қа, 10-қа кіреміз, әлемді басқарамыз, құтқарамыз деген әңгіме жоқ. Біздің міндет 19 млн халқымыздың қамы, соның болашағы мен бай-қуаты. Және бір айтып өтетін сәт, Президент әр тапсырмасына жауапты нақты адамның болуы», - дейді ол.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты биылғы Жолдауға қатысты Президент хайп қуғандарға жауап берді деген еді.



Соңғы жаңалықтар