Бала күннен Жәнібек Кәрменовтің орындауына тәнті болып, еліктеп өстім – дәстүрлі әнші

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығысқазақстандықтардың, оның ішінде әсіресе Күршім ауданының той-думаны Есен Мәженовсіз өтпейді. Әуелете ән шырқағанда құлақ құрышын қандыратын дәстүрлі әнші көптің құрметіне бөленген. Әншілігінен бөлек, ақындығы, атбегілігі де бір төбе. Таяуда ҚазАқпарат тілшісі алпыстың ауылына таяған Есен Мәженовпен сұхбат құрған болатын. Әңгіме барысында ол «Шығыстың Шәмшісі» атанған Оралхан Көшеров жайлы естеліктерді бөлісті.

- Өнер жолына қалай бет бұрдыңыз?

- Мектепте оқып жүргенде бастауыш сынып мұғалімі Риза деген апай бойымда қабілетімнің барын сезіп, өнер жолына қадам бастырды. Өзі де тамаша әнші еді. Содан мектепті тәмәмдаған соң, әнші болуды ұйғардым. Жалпы әулетімізде әншілер талай шыққан. Мәжен атам ән айтып қана қоймай, ақындығымен де танымал болған. Қисса-дастандарды айтқанда таңды-таңға жалғайтын. Әкем Әшімнің де үні көркем еді.

1986 жылдың жазында Алматы қаласындағы концертте белгілі сазгер Ілия Жақановпен бірге Мақтұмқұлының термелерін орындадық. Ол кезде 22 жастамын. Содан соң бізге әншілер Қайрат Байбосынов пен Дүйсенбек Қанатбаев қосылды. Төртеуіміз танымал классиктердің термелерін орындап жүрдік. Жұрттың ілтипатына бөлендік деуге әсте болады. Жаздың соңында Күршім ауданына оралып, өнердегі жолымды жалғастырдым.

- Әншіліктен бөлек, ақындығыңыз қашан оянды?

- Ақынмын демейтін қазақ жоқ шығар. Барлығы өлең құрайды. Бірақ өзімді ақын ретінде еш уақытта таныстырған емеспін. Әйтеуір екі сөздің басын құрап, сөз сайыстарына қатысып жүрдік. 1990-шы жылдарға қарай облыстық ақындар айтысында бақ сынадым. Терме де айта бастадым.

Сайыстардың бірінде терме орындап бас жүлде иеленгенім бар. Осылайша, бара-бара термеге көштік. Негізінен Оралхан Көшеров жазған «Алтай термесін» жиі орындадым. Ел арасында «Алтайдың жолын ашқан – Есен, Есеннің жолын ашқан Алтай» деп айтатындар бар екен.

- Оралхан демекші, «Шығыстың Шәмшісі» атанған сазгермен жақын дос болдыңыздар ма?

- Иә. Оралхан өмірден озғанша байланысымыз үзілген емес. «Ағалар-ай», «Ескі әнді шеше, қозғама» сынды әндер мен «Алтай термесінің» алғашқы орындаушысымын. Көп әндерін маған алып келетін. Ақкөңіл, досқа адал жан еді. Әнін Оралхан Көшеров, сөзін ақын Хасен Зәкәрия жазып, оны өзім орындағанда ерекше үйлесімді болатын.

Әділ бағасын тыңдармандар да берді ғой. Көп ешкім біле бермейтін «Абашым» деген ән бар. Оны республикаға танымал айтыскер ақын, досымыз Абаш Кәкенов қамал бұзар қырық жасқа келгенде шығардық. Ән көркем сөзбен кестеленіп, әр сөйлеміне мағына жасырылған.

- Өзіңіз еліктеп өскен дәстүрлі әншілер бар ма?

- Жастайымыздан дәстүрлі әндерді жетеріне жеткізіп орындаған аға буындарға тамсанатынмын. Оралхан Көшеров Мұқағали Мақатаевті «Пірім» деп айтқан екен. Өзім Жәнібек Кәрменовтің орындауына тәнті болып, еліктеп өстім. Сол кісі секілді болғым келетін. Әр әнін сүйсініп тыңдайтынмын.

- Үлкен сахналарда өнер көрсетуге қауқарыңыз, қабілетіңіз жетіп-ақ тұр. Неге жас кезіңізде ауданда, облыста қалып, республикаға қадам баспадыңыз?

- Менің музыкалық білімім жоқ. Ол кезде заман талабы да сондай болды. Өнерлі емес, еңбек еткен адамдар табысқа жететін. Құр әншілік алысқа апармайды деп ойладым. Мал шаруашылығымен айналысып, жылқы бақтым.

Бірде ғалым, Социалистік Еңбек Ері Бошай Кітапбаев Күршімге келгенде «Алтай термесін» орындадым. Бошай ақсақал өнеріме жоғары бағасын беріп, Алматыдағы консерваторияға түсірмекші болды. Сол кезде еліміздің Мәдениет министрі болған, әрі досы Еркеғали Рахмадиевке хат жолдап, мұны шешіп те қойған-тұғын. Алайда ауыл баласына тән тартыншақтықтан болар ұсыныстан бас тарттым.

Бір есептен, үйдің кенжесімін. Әке-шешемізден асып қайда барамыз? Олардың айтқанына құлақ түрдім. Осылайша, консерватория маңына сол күйі жақындамадым. Негізгі мамандығым – мал дәрігері. Оқуды Ұлан ауданына қарасты Саратовка ауылынан бітірдім. Десе де сол бір «Алтай термесінің» Алматыға дейін жетелегенін қалай ұмытайын?

- Сіздің атбегіліңіз де көпке мәлім. Ат баптап жүргеніңізге қанша уақыт болды?

- Жылқы – төрт түліктің төресі ғой. Қазақ үшін киелі жануар. Ат баптап жүргеніме 15 жылдай болды. Ағылшын тұқымды сәйгүліктерім де бар. Оларды ат жарысына дайындап, қатыстырамын.

Самар ауданы Құлынжон ауылының тумасы, облыс көлемінде болатын жарыстың барлығында тұлпары озып шыққан Руслан Шайырғазинмен бір группада оқығанымыз бар, әрі жақын досым.

- Әңгімеңізге көп рахмет!


Видеодан алынған кадр




Соңғы жаңалықтар