Бала күнінде Президенттен бата алған жігіт «Елбасы және мен» байқауында жеңімпаз болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Елбасы және мен» атты фотоконкурстың қорытындысы шығарылды. Байқаудың бас жүлдесі - IPhone X Алматыға жол тартады, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Әлеуметтік желілердегі дауыс беру қорытындысы бойынша үздік фотосуреттің иесі - Бауыржан Исабаев. Бауыржан Алматы қаласында тұратындықтан марапаттау рәсіміне қатыса алмады. Марапат оның әпкесі Гүлмира Исабаеваға табысталды. Ол фотосурет тарихымен де бөлісті. 

«Сурет 2006 жылы Нұрсұлтан Әбішұлының қатысуымен Алматы облысының Қарасай ауданындағы Наурызбай батыр ескерткішінің ашылуында түсірілген. Інім Президентті көріп, «Ата!» деп айқайлады. Мемлекет басшысы оған жақындап, батасын берді. Бұл - біздің отбасы үшін тарихи күн. Қазір інім өте табысты, отбасының мақтанышы, оқуда үздік әрі спортпен шұғылданады. Біз оған үлкен үміт артамыз», - дейді Гүлмира Исабаева.

Қоғамдық даму министрлігі Жастар саясаты департаменті төрағасының міндетін атқарушы Асхат Оралов аталмыш байқаудың осынша танымалдыққа ие болатынын күтпегенін айтты. 

«Екі апта ішінде әлеуметтік желілерде бес жүзден астам фотосурет жарияланды. Бүгінгі галереяға Мемлекет басшысымен түскен 50 үздік фотосурет қойылған. Жеңімпаздар әлеуметтік желілер арқылы таңдалды», - деді А. Оралов.

Конкурстың қорытындысы бойынша, Азамат Бекберген мен Асхат Налшыбек екінші, Айгүл Бөкетова, Ғазиз Құлынтай және Ақылбек Данабек үшінші жүлдені өзара бөлісті. Қазылар алқасы таңдаған ең таңдаулы фотосуреттер Mega Silk Way ОССО, Тұңғыш Президент кітапханасы және «Хан Шатыр» сауда орталығындағы көрмеге қойылады. Әлеуметтік желілердегі #elbasyjanemen хэштегі 500-ден астам пост жарияланса, байқауға жүзден астам адам қатысты.  

Байқауды Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігінің жастар және отбасы ісі жөніндегі комитеті Астана қаласы қоғамдық даму істері басқармасымен бірлесіп ұйымдастырды. 

Соңғы жаңалықтар