Бала кезінде тоққа түскен спортшы Президентке қалай чемпион болғанын баяндады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңіне өткен азаматтармен кездесті. Олардың ішінде 29 жастағы Ержан Сәлімгереев те бар, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үшінші сыныпта оқып жүргенде трансформатордың ішіне кіріп, тоққа түсіп қалдым. Сол кезде бір қол және бір аяғымнан айырылдым. Ауруxанадан үйге алып келгесін мұғалімдер үйде оқытатын болды. Артынан допты үйрендім. Ауада ұшып бара жатқан допты таяқпен тірей қоямын. Басқа жігіттерді алдап кетемін. Олар намыстанып, менің таяғымды бір теуіп, сындырып тастайды. Соның бәрі ауыр тиді маған. Мектепті бітіргеннен кейін балалар арсында «Мен Алматыға барамын, мен Астанаға оқуға түсемін» деген әңгімелер жүреді. «Мен қайда барамын?» деген ой туындады. Үйдегі жағдайды білемін. Сонда таңқалатыным, бір бассейннің қасында екі жыл бойы такси жүргіздім. Бірақ өмірі соның ішіне кірмеппін. Артынан жүзуді үйрендім», - деді Е.Сәлімгереев.

Бүгінде Ержан xалықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем кубогының төрт дүркін иегері, Азия ойындарының екі мәрте жеңімпазы.

«Спорт менің өмірімді түбегейлі өзгертті. Қайсар мінезімнің арқасында ешқандай қиыншылықтарға қарамай, алдыма майқсат қойып, күнде жаттықтым. Бүгінде үлкен жетістіктерге жетіп отырмын. Индонезия елі Жакарта қаласына өткен жазғы Параазия ойындарында қос алтын медаль еншіледім. 50 метрді 31 секундта бағындырсам, 100 метрді 1 минут 8 секундта бағындырдым. Бұл - менің жеке рекордым. Ендігі мақсатым - Токио Олимпиадасында чемпион атану», - деп атап көрсетті Е.Сәлімгереев.

Соңғы жаңалықтар