Бала кезінде концлагерьде тұтқында болған 91 жастағы кейуана Атырауда тұрады

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Бала кезінде концлагерьде тұтқында болған 91 жастағы кейуана Атырауда тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Балалық шағын концлагерь тұтқынында өткізген Екатерина Абсатырова 1931 жылы Мордова АССР-ның Первомай деревнясында өмірге келген. Атырау қаласына 1968 жылы отбасымен қоныс аударған. Зейнет жасына дейін локоматив депосында жұмыс істеген.

«1939 жылы фин соғысының оты тұтанып, финдер үйлерін тастап, көше бастады. Сол кезде сырттан келіп, бос қалған үйлерді алушылар көбейді. Олар бізді өздерімен бірге тұрып, шаруашылықпен айналысуға шақырды. Біздің отбасымызда әжем, əке-шешем, 9 бала – 12 адам бар еді. Отбасымызбен сол жаққа қоныс аудардық. Әрине, күнделікті жұмысымызды атқарып, жан бағудың қамына кірістік. Сөйтіп жүргенде 1941 жылы неміс-фашист басқыншылары Кеңес Одағына тұтқиылдан соғыс ашты. Міне, осы кезде үйлерін тастап кеткен финдер кері оралды. Біз бір сәтте баспанамыздан айырылып, босқынға айналдық. Басқыншылар біз секілді босқындардың бəрін тұтқынға алды», -дейді сол кезеңді еске алған Екатерина Абсатырова.

Оның айтуынша, тұтқынға түскеннің бәрін концлагерьге қамаған. Құрамында 12 мүшесі бар оның отбасы Финляндияның астанасы – Хельсинки қаласына таяу орналасқан Юрокко лагерьіне жіберілген.

«Отбасымызбен бірге концлагерьге түскенде, 10 жастағы бала едім. Айналасы тікенек сыммен қоршалған концлагерь әлі күнге көз алдымнан кетпейді. Ондағы азапты күндерді ұмыта алмаймын. Тұтқынның аты – тұтқын. Үнемі бақылауда жүрдік. Оның үстіне күзетшілер аяушылық танытпай, бізді күнде ұрып-соғатын. Тамақ та тапшы болды. Үлкендермен бірге балалар да тойып тамақ ішпедік. Ойға келмейтін кінәні мойыныңа іліп жібереді. Сол қорлықтан босайтын күнді аңсап, үш жыл үш ай күттім ғой», -дейді 91 жастағы кейуана.

Ол концлагерьден 14 жасында бостандыққа шыққан. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқтағанға дейін асханада аспаз, ауруханада санитар секілді жұмыстарды атқарған.

«Сондай күндердің бірінде Вагаф Абсатыров деген солдатпен таныстым. Бастапқыда болашағымды осы жігітпен байланыстырамын деген ой болған жоқ. Қазақ жігітінің туып-өскен жері – сол кездегі Гурьев облысының Теңіз ауданы. Осы аудандағы жетімдер үйінде тәрбиеленген. Уақыт өте келе екеуміз көңіл жарастырдық. Сөйтіп, шағын мемлекет – отбасымызды құрып, Сібірде тұрақтап қалдық. Отбасымызда алдымен Лидия қызымыз өмірге келді. Кейін Анатолий есімді ұлымыз жарық дүние есігін ашты. Күйеуім Вагаф туған жерін жиі есіне алып, оралуды айтып жүрді. Әрине, мен оған қолдау білдіріп, 1968 жылы осы қалаға көшіп келдік», -деп күйеуін сағына еске алды.

Атырауға оралған соң локомотив депосына жұмысқа орналасып, машинистердің демалыс үйінде кезекшілік атқарған. Сол деподан зейнетке шыққан.

«Қазір концлагерьдің кәмелетке толмаған тұтқыны ретінде соғыс ардагеріне теңестірілгендердің санатындамын. Соған байланысты түрлі жеңілдікті пайдаланып отырмын», -дейді концлагерь тұтқыны.

Бүгін Жеңіс күніне орай Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов «Мәңгілік алау» монументіне гүл шоғын қойды.

Монумент Атырау қаласындағы «Жеңіс» саябағында орналасқан. Іс-шараға облыс пен қала басшылығы, құрметті қарауыл ротасы, әскери оркестр, сарбаздар мен тұрғындар қатысты. «Мәңгілік алауға» жиналған қауым қанды майданда қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Бұдан соң Серік Шәпкенов сұрапыл соғыс жылдарында концлагерьде тұтқында болып, азапты ғұмыр кешкен Екатерина Абсатырованың шаңырағына барды.

«Менің бір ғана тілегімм бар. Бұл – әлемдегі бейбітшілік. Бұдан былай соғыс болмаса екен. Бүгін ұрпақ білім алып, қиындықсыз, бақуатты өмір сүрсе екен», -дейді азапты өмір жолынан өткен кейуана.

Қазақ жігітіне 1950 тұрмысқа шыққан кейуана 3 баласынан 2 немере, 1 шөбере сүйіп отыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан көзі тірі ардагер жоқ екенін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар