Бала кезімде етік жөндеуге қызығатын едім – атыраулық етікші келіншек

None
Фото: Гүлдана Хауашеваның жеке мұрағатынан
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында тұратын етікшінің бірі – Гүлдана Хауашева. Оның ықыласы бала кезінен осы кәсіпке ауған. Қуыршақпен ойнаудан гөрі ауладағы гаражда темір-терсектерді шұқылап, аяқкиім жөндеуді ұнатқан. Сол кезде сіңлісінің спорттық аяқкиімін жөндеп берген. Арғы аталарының кәсібін қайта жаңғыртқан ол етік жөндеуді қалай бастағанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кіндік қаны Маңғыстау өңірінде тамған. Балалық шағын Ақтөбе облысының Ресеймен шекарадағы Мәртөк ауданында өткізген. 2002 жылы Атырау облысының жігітіне тұрмысқа шығып, содан бері Мақат кентінде тұрады.

«Бала кезімде құрбыларым секілді қуыршақты құшақтап, сары шашын тарауға ынтам бола қойған жоқ. Ауладағы гаражда темір-терсекті аударып-төңкеру, аяқкиімді жөндеу секілді істер ұнайтын. Сол кезде сіңлімнің спорттық аяқкиімін жөндеп беретін едім. Етікшілік – арғы аталарымыздан келе жатқан кәсіп», -дейді Гүлдана Хауашева.



Ол етікшілік кәсіпті 2006 жылы бастаған. Тапсырыс берушілердің аяқкиімін өз үйінде жөндеген. Алғашқыда оның бұл ісіне таңданыс білдіргендер аз болмапты. Бірақ, кейін күдікпен қарағандар аяқкиімін жиі жөндеткен.

Ал, 2010 жылы жеке кәсібін ашу үшін Мақат кентіндегі базар аумағынан дүңгіршекті жалдаған. Қытай өндірісінен шыққан «Версаль» маркалы тігін мәшинкесі бар.

«Қай істі де ынтамен атқарғанда ғана жемісті боларына көзім жетті. Кейде шаршайтын, денсаулыққа көңіл бөлетін сәт кездеседі. Сондайда күйеуім де, балаларым да көмектеседі. Тіпті қайынағаларымның балалары етікшілікті менен үйренуге ниет білдірді. Тапсырыс берушілердің тізімі жазылған 10-ға жуық қалың дәптерім бар. Етігін жөндеткен жандардың ешқайсысы ренішін білдірген жоқ. Өйткені клиенттерімнің етігін сапалы жөндеуге мән беремін», -деп әңгімеледі етікші.

Қазір Гүлдана Хауашеваның шағын шеберханасын ашқан. Оған тапсырыс берушілердің бірі кіріп, екіншісі шығып жатады. Өйткені етікші келіншек аяқкиімді жөндеумен шектелмей, тұтынушының қалаған түсіне бояуды қолға алған. Түрлі кілттің көшірмесін айнытпай жасап береді.

«Етікші болу оңай емес. Күніне 30-ға жуық тапсырыс түседі. Тапсырыс берушілердің талғамы әртүрлі ғой. Бәрі де жөндеуге тапсырған етігінің жаңадан кем болмағанын, бірі тағасын, енді бірі сырмасын жаңартып беруді қалайды. Кейбір етіктің жыртығын жамап, ұлтанын ауыстыру, бояу секілді жұмыстарды атқаруға төзімділік қажет», -дейді ол.



Оның аяқкиім тігуді қолға алмақ ниеті бар. Күйеуіне арнап күзгі маусымға арналған бәтеңке тігіп берген. Бәтеңкенің өлшемі – 43. Бірақ аяқкиімге қажетті былғары, ұлтан, тіпті капрон жіпті тапшылығы алаңдатады. Мұның бәрін өзге елден алдырады.

«Елімізде былғары өңдеу өндірісі жанданбай тұр. Былғары өзімізде өңделсе, отандық өнімді қуана алар едік. Өйткені етікшілерге сапалы былғары өте қажет», -дейді Гүлдана Хауашева.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 35 мың бизнес нысанды қыз-келіншектер басқарып отырғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар