Бала дүниеге келе салып автоматты түрде балабақша кезегіне қойылады
2021 жылғы 23 қараша 00:38

Бала дүниеге келе салып автоматты түрде балабақша кезегіне қойылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Қазақстанда ұсынылатын мемлекеттік қызмет алдымен халық үшін, яғни тұтынушы үшін ыңғайлы болуы тиіс. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметін талапқа сай атқарып отыр, соның арқасында кәсіпкерлік саласы бүгінде ашық жұмыс үлгісін көрсетуде. Әрине, халық тарапынан шағым жоқ емес, бар, сыбайлас жемқорлық қаупінің бары да жасырын емес. Бұл бағытта біз жұмысты күшейте түсуіміз керек. Ең бастысы - биліктен қолдау бар. Ал қалған мәселені біз шешіп, халық қолайлы жағдай жасап, нәтижесін көрсететін боламыз. Тұтынушыға қызмет дер кезінде көрсетілуі керек. Халық мемлекеттік қызметті іздеп, сұрап, халыққа қызмет көрсету орталығына барып жүгіріп жүрмеуі тиіс», - деді Бағдат Мусин Хабар телеарнасында өткен «Национальный интерес» телебағдарламасының эфирінде.

Сондай-ақ, министр еліміздегі цифрлық қызметке қатысты жеке жағдайымен бөлісті.

«Мысалы, мен таяуда әке атандым. Сәби есімін таңдаймын дегенше зайыбыма баланың туу туралы куәлігін рәсімдей аласыз деген хабарлама келді. Яғни, бұл - проактивті қызмет. Демек бізге ешқайда барудың қажеті жоқ. Баламызға қойған есімді жазып жіберсек, оның туу туралы куәлігі дайын деген сөз. Бұл біріншіден, ал екіншіден, бала туғанда берілетін жәрдемақы автоматты түрде тағайындалады және сәбиді сол сәттен бастап балабақша кезегіне тіркейді. Ата-ана ешқайда бармайды, міне, қызмет осылай көрсетілуі тиіс», - дейді ол.

Бұған дейін Б. Мусин не себептен Қазақстанда телефон коды +997 нөміріне ауыстырылғанын түсіндіріп берген еді.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT