Бала асырап алу талаптарына өзгеріс енгізу ұсынылды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жетімдер үйінен бала асырап алу тәртіптері өзгеруі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқу-ағарту министрлігі ұсынып отырған құжатта «туыстар» және «жақын туыстар» деген ұғымдар енгізілген.

Жақын туыстар – ата-ана, ата-анасы бір және бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер, ата мен әже және немерелер.

Ал, туыстар – үлкен атасы мен үлкен әжесіне дейінгі буында ортақ ата-бабалары бар туыстық байланыстағы адамдар.

Сондай-ақ, жаңа норманың бірі – бала асырап алушылардың денсаулық жағдайына қатысты мәліметтер. Бұрын тек баланы асырап алуға ниетті адамның денсаулығы туралы ақпарат сұралатын. Енді бауырына бала басқысы келген азамат некеде болса, онда ол жұбайының немесе жолдасының жұқпалы дертпен ауырмағанын және наркологиялық, психологиялық тіркеуде тұрмайтынын растауы қажет.

Бұдан өзге, бала асырап алушы құзырлы органға психологиялық даярлықтан өткені туралы сертификат ұсынуы тиіс. Құжат бала асырап алынған уақыттан кейін бір жыл ішінде жергілікті білім басқармаларына берілуі қажет.

Өзгерістер енгізілгелі отырған бұйрық 16 тамызға дейін ашық талқылауға шығарылды.

Еске сала кетейік, бұған дейін жетім балалар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан елордалық түлектердің оқу ақысы төленетінін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар