«Бала асырап алғым келеді» - баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 25 қараша, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Қазақ елі әлемдік экономиканың маңызды ойыншысына айналады» атты мақала берілген. Елбасы Қазақстанға ресми сапармен келген Чех Республикасының Президенті Милош Земанмен кездесті. Кездесу барысында сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, аграрлық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ықпалдастықты нығайту мәселелері талқыланды. Машина жасау, энергетика, медицина және туризм салаларындағы ынтымақтастықты дамыту болашағы да әңгімеге арқау болды. Мемлекет басшылары, сондай-ақ, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер туралы пікір алмасты. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Чехияны зор әлеуетке ие дәстүрлі қарым-қатынастар байланыстыратынын атап өтті.

- Көптеген әлемдік оқиғалардың дамуына қатысты біздің елдеріміздің көзқарасы ортақ. Чехия біз үшін Еуропадағы маңызды сауда серіктесі болып саналады әрі соңғы жылдары экономикалық қатынастардың қарқыны өсіп келе жатқаны байқалады. Қазақстанда 70-тен астам бірлескен кәсіпорын, мәселен, «Шкода» автомобильдерін құрастыру өндірісі жұмыс істейді. 2005 жылдан бері 15 мың автомобиль құрастырылды, ал келесі жылы 8 мың көлік шығару жоспарлануда. Жалпы алғанда, бізде қарым-қатынастарды әрі қарай дамытуға, соның ішінде үкіметаралық комиссияны жандандыру арқылы дамытуға көп мүмкіндік бар, - деді Қазақстан Президенті.

Осы басылымда «Өнермен өрілген тарих тағылымды» деген тақырыппен жазушы, драматург Жолтай Жұматтың мақаласы көпшілік назарына ұсынылып отыр.

«Тарихты түбірімен қазып, арғы-бергімізді түгендейік» десек, кейбір үлкенді-кішілі керауыз әріптестер «әй, соны қойшы, қазбалап жаза беретін не бар, өткен өмірдің бәрі де қисынсыз ертегі» деп қисая шабады. Ойыңа ой қосу орнына өзіңді кеудеден басып, сөзіңді шалт қимылмен шалады. Қалай етпеттеп құлап түскеніңді де байқамай қаласың сөз сайысында! Тарих - сіз бен біз жеңіл-желпі ойлап жүргендей, еріккеннің ермегі емес, ертегі де емес, тіпті оны айтасыз, бұл сала ежелден ел болып қалғандығымыздың ең басты алғышарты. Өзіңіз-ақ байқамайсыз ба, «бұл қазақта әу баста мемлекет атау­лы болмаған» деген қаңқу сөздер кеше де айтылған, бүгін де аракідік қылаң беріп қалып жүр. Ертең де айтыла бермек. Тосқауыл қоймасақ... Дәлелдемесек. Ал, сонда бұл қалай? Бұған кім кінәлі? Кім ондай теріс пиғылдыларға осылай жалған сөйлеуге ерік беріп отырған?»,-деп жазады мақала авторы.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында «Бала асырап алғым келеді» деген көлемді мақала жарияланды. Осы орайда басылым бірқатар азаматтардың пікірін ортаға салып отыр. «Неге күн санап тастанды балалар мен әлеуметтік жетімдер көбеюде? Бала асырап аламын» деушілерге қолдан ұйымдастырылатын кедергілерді қалай тоқтатуға болады? Ал енді бүгінгі таңда қамқорлыққа зәру балғындарды асырап алмаққа ниет еткендер қандай қиындықтарды бастан өткеруде? «Айқынның» ашық алаңындағы әңгіме, негізінен, осы төңіректе өрбімек. «Өздеріңізге де мәлім, жуырда өткен «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанатында Президент Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын 1,5 мыңдай бала тірі жетім атанатынын, қазіргі таңда ата-ана қамқорлығына зәру балалар саны 34 мыңға жеткенін атап өтті. Елбасы қоғам назарын балалар тағдырына тектен-текке аудармағаны белгілі. Бала - болашақ, елдің ертеңі. Қазақстан - 2050 стратегиясының негізгі бағыттарының бірі де балаларға қамқорлық хақында. Соңғы төрт жылдағы статистикалық деректер балалар үйінде тәрбиеленетін өскіндердің көбейгенін растайды. Мұның өзі - экономикалық дағдарысты еңсерген қоғамның рухани дағдарыстан арыла алмай отырғанының бір дәлелі секілді. Сіздер қалай ойлайсыздар?»,-деп жазады басылым.

Осы газеттің «Көкейдегі сауал» айдарында «Жастардың радикалды діни ағымға еніп кетпеуі үшін не істеуіміз қажет?» деген тақырыпта көкейкесті мәселе қозғалып отыр. Бұл тұрғыда басылым бірқатар сала мамандарының пікірін жария етті. Нұрбек Есмағанбет, Алматы қалалық орталық мешітінің бас имамы: - Жастарымыздың жат ағымның жетегінде кетіп қалуының басты себебі, діни сауатсыздық. Сондықтан біз ең алдымен, барлық аймақта олардың діни сауатын ашуға барынша назар аударып, оларды ислам дінінің қағидаттарына жалықпай үйретуіміз қажет. Ислам діні бізге сонау ғасырлардан, бабаларымыздан жеткен. Қуаныштысы сол, қазір ұл-қыздарымыздың бойында дінді үйренуге құлшыныс басым.

***

«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Мұғалімді даттап, ата-ананы ақтай береміз бе?» атты мақала басылды. «Соңғы кезде мектеп жайы, оның ішінде мұғалім беделі жайы қай кездегіден де көбірек айтылып жүр. Мектептер салу, мұғалімдерді ішінара әлеуметтік қолдаулар сияқты оң істер де жетерлік, бірақ шешімін таба алмай тұрған мәселелер одан да көп. Солардың ішіндегі ең бастысы мұғалім беделінің құлдырай төмендеп келе жатқандығы дер едім»,-деп жазады мақала авторы. Іс жүзінде қазір бала тәрбиесіндегі ата-ананың міндеттері де мұғалімнен сұралып жүр. Соңғы уақыттары баланың барлық кемшіліктеріне мұғалімді кінәлау басым сипат алып келеді. Мұндай жағдайды әдетте мұғалімнің әлсіздігінен деп санап, «мәселені осындай дәрежеге жеткізгені үшін» мұғалімнің өзін кінәлап жатамыз, осылай ойлау бәрімізге оңай, барлығымызға да үйреншікті болып кеткен.

Соңғы жаңалықтар