Бал биін шахмат ойынына ұқсатамын – 30 жыл сахнада жүрген биші

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда бал биін тегін үйренуге болады. Би студиясының жетекшісі Владислав Оленчук - 30 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі биші. Хореограф ізбасар даярлап қана қоймай, өзі де әлі күнге сахна төрінен көрініп жүр. Бал биін өмірлік серік еткен маманмен ҚазАқпарат тілшісі сұхбат құрған еді.

- Владислав Владимирович, өзіңізді таныстырсаңыз, қайда тудыңыз, қайда білім алдыңыз, мамандығыңыз не? Бал биімен қашаннан айналысасыз?

- Петропавлдың тумасымын, осындағы мектепті бітіргеннен кейін музыкалық училищеге, хореография класына оқуға түстім. Осылайша көркемөнер би ансамблінің жетекшісі мамандығын алып шықтым.

Бимен 1-сыныпқа барғаннан айналыстым, мектеп жанында би үйірмесі болатын. Ол жерде халық биін үйретті, сондықтан бидің бұл түрі маған ұнамағандықтан оған баруды тоқтаттым. Орта буынға көшкен кезде бір күні сынып жетекшісі «Тоника» ансамблінің жетекшісі Марина Бархатованы ертіп кірді.

Ол би тобына бала жинап жүр екен, өзін таныстырды, ансамбль жайында айтты, жаттығудың қалай жүретінін түсіндірді. Нәтижесінде біздің сыныптан бірнеше бала баратын болып шештік. Міне, осылайша, мен би әлеміне келіп, 10 жасымнан бал биімен айналысып келемін.

Марина Ивановна тәжірибелі, сымбатты болатын, бізді қызықтыра білді. Ұжымда жақсы ахуал қалыптасып, ұйымшыл болдық. Түрлі концерттерге және байқауларға қатыстық. Ал 15 жасымда жетекшім маған жаңадан келген балаларды үйретуге көмектесуімді өтінді. Бұл да менің шеберлігімді шыңдай түсті.

1992 жылы Марина Бархатова Мәскеуге туыстарына кетіп, сол жақта жол-көлік апатынан қайтыс болды. Біздің ұжым жетекшісіз қалды. Мен ол кезде әлі жас едім, үлкен ұжыммен жұмыс істеуге дайын емеспін, сол себепті көркемдік жетекші болуға Андрейді және оның қарындасы Елена Левченколарды шақырдық.

Олар сол кезде «Полонез» клубында өнер көрсетіп жүрген еді. Осылайша ансамбльмен бірлесіп жұмыс істедік. Шынын айтқанда, бұл мамандықты мен таңдаған жоқпын, тағдыр маңдайыма жазды деп айтуға болады.

Жас кезімде де, кейін де түрлі жағдайларға байланысты биді тастаған кездерім болды, бірақ, бәрібір осы саладан ұзап кете алмадым.

Тоқсаныншы жылдары Петропавлда бал биімен екі ұжым ғана айналысты. Сондықтан түрлі концерттерге, байқауларға жиі шықтық. Мен билеумен бірге жаттықтырушы қызметін қоса атқардым. Қазір де, жасым елуге жақындаса да, биден қол үзген жоқпын, бидегі серіктесім екеуіміз өнер көрсетіп жүрміз.

- «Доминанта» бал биі халықтық студиясы Сіздің негізгі жұмысыңыз ба?

- Иә, мен ансамбльдің жетекшісімін, студия Петропавлдағы балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында орналасқан. Жалпы, біздің ұжым 1977 жылы құрылған, ол кезде «Тоника» деп аталдық, кейін белгілі бір себептермен 1997 жылы ансамбльдің атын «Доминанта» деп өзгерттік.

- Қателеспесем, «Доминанта» халықтық бал биі студиясында кез келген адам бал биін үйрене алады, жасқа шектеу жоқ және бұл қызмет тегін... Үйренуге ниет білдіргендер көп пе?

- Иә, келем деушілерге есік ашық. Тоқырау жылдары коммерциялық негізде жұмыс істедік. Қазір, бірнеше жылдан бері бұл студия келушілерді тегін қабылдайды. Орталыққа қараймыз және менің еңбекақымды мемлекет төлейді. Білім ұйымдарындағыдай бұл жерде де белгілі бір сағат беріледі.

Бал биінің ерекшелігі, мәселен, балетте, халық биінде шектеу бар заң бойынша, тек 35 жасқа дейін ғана айналысуға болады, кейін зейнетке шығады, ал бал биін билей беруге болады, бұл – әлемдік тәжірибе. Біздің ұжымды алар болсақ, «Доминанта» спорттық турнирлерге қатыспайды. Бұл менің, біздегі ата-аналардың принципі, өйткені, соңғы кезде онда «таза» емес, жүйкемізді жұқартқымыз келмейді.

Менің тәрбиеленушілерімнің арасында 3-3,5 жаста келгендері бар. Студияға билеуге балаларын ертіп келетін ересектер бар, олар бір уақытта бірге жаттығады.

Ал биыл зейнеткерлерден құралған әжелер тобы ашылды. Олар үлкен команда, негізінен 65-70-тегі әйелдер.

Үйренгісі келетіндер көп, бірақ екінің бірінің қолынан келмейді. Бал биі - жанрдағы күрделі билердің бірі. Бірақ, ең бастысы ниет қой, ынта болса кімді болсын үйретуге болады. Жалпы бал биін мен шахмат ойынына ұқсатамын – бұл жерде философия да, әдебиет те, математика да, музыка – бәрі сабақтасқан.

Яғни биді алдымен ойлау керек, тек содан кейін аяқ-қолмен оны жүзеге асырамыз, қазіргі заманауи билерден өзгешелігі де осы, аяқ-қолды ербеңдеткен немесе бөксені бұлғаңдатқан би емес.

- Бал биімен айналысу қымбат деген ұғым қалыптасқан, бұл қаншалықты шындыққа жанасады?

- Иә, бұл – өзекті мәселе. Көпшілік бал биі дегенде түрлі жарыстарды көз алдына елестетеді. Спорттық бал биі – қымбат. Өйткені оның көптеген талабы бар, мәселен, сен спортшы болсаң міндетті түрде жеке сабақтар алуың керек, ал ол өте қымбат. Турнирге киетін сахналық костюм қымбат матадан тігіледі, тігіншінің жұмысы да арзан емес. Ал мен ансамбль мүшелеріне өзімізде концерт қойғанда әдемі көйлектерінің бірін киюге рұқсат беремін. Яғни мен студияға келушілерді қымбат киім алуға мәжбүрлемеймін. Кей ата-аналар өз еріктерімен балаларына арнайы костюм тіктіріп жатады.

- Би саласының білікті маманы болу үшін хореографиялық арнайы білім болуы маңызды ма?

- Егер мемлекеттік ұйымда ұстаздық жұмыс істейтін болсаң, әрине, диплом керек. Жалпы арнайы білім арқылы теориядан, яғни бидің шығу тарихынан, стильдерінен, билеу мәдениетінен және тағы басқаларынан хабардар боласың. Менің ұлым – 29-да. Ансамбльде биші болып жұмыс істейді, 12 жыл болды билеп жүргеніне. Арнайы білімі жоқ, бірақ, керемет биші. Ол биді де қоя алады, яғни саланы толық меңгерген. Айтайын дегенім, дипломы барлардың бәрін білікті маман деуге болмайды. Ал жақсы биші болу үшін мектеп жасынан айналысуға кеңес берер едім. Оның негізі кішкентайынан қаланады.

- Ата-аналардың кейбірі бимен айналысу уақытты текке өлтіру деп біледі, мұндай ересектерге не айтар едіңіз?

- Әсіресе, әкелері ұлының бимен айналысқанын қаламай, қарсылық білдіреді. Бұл - қалыптасқан стереотип. Өнердің артығы жоқ, үйрен де жирен. Мысалы, жігіт түнгі клубқа келіп, бір сұлуды ұнатып қалды. Әдемі билеген жігіт кез-келген бойжеткеннің жүрегін жаулары сөзсіз. Кейде қалыңдық пен жігіт үйлену тойының алдында келіп, алғашқы биді үйренуге көмектесуді сұрайды, жігіт, тіпті оң аяқ пен сол аяқты ажырата алмай жатады. Би – ол да спорттың түрі, иммунитетті нығайтады, көңіл-күйге жақсы әсер етеді.

Би кезінде адам қимыл-қозғалысын, эмоциясын бақылауда ұстайды, барлық бұлшықеті, тірек-қимыл аппараты жұмыс істейді.

- Балаларын биге бергісі келетін ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Ең бастысы қорықпай әкеліңіз. Баланы 5 жасынан бастап биге беруге кеңес беремін, бұл жаста баланы аздап болсын тәртіпке үйретуге, қызықтыруға болады.

Кейбір ата-ана баласын ертіп әкеліп, биге үйретіңіз дейді. Қандай биге десең, кез-келген дейді. Бұл дұрыс емес, бидің жанры көп, бағыты әртүрлі, адамның да мүмкіндігі әртүрлі. Сондықтан баланы биге берем деп шешсеңіз ең алдымен жанрын таңдаған жөн. Содан кейін бала жаттығуды қалдырмайтындай етіп жоспарлау керек. Ал бір келіп, екі қалдыратын болса, ол еш нәтиже бермейді.

- Әңгімеңізге рахмет!




Соңғы жаңалықтар