Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Алматыға барды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Алматыға барды, деп хабарлайды  primeminister.kz .  

Үкімет басшысы мемлекеттік бағдарламалар мен Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы міндеттерінің іске асырылуымен, сондай-ақ, қаржы секторын дамыту, ШОБ-қа қолдау көрсету, өндірістік инновацияларды енгізу және қаланың көлік жүйесін жақсарту шараларымен танысады.

Алматыға келген бойда, кешке, 23 қазанда Премьер-Министр бірінші кезекте қала әуежайын кешенді жаңғырту жоспарымен танысты. Айта кету керек, әуе айлағы Оңтүстік-Шығыс Азия мен Еуропа арасындағы географиялық қолайлы жерде орналасқан, ол өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға жол ашады.

Бүгінде Алматы әуежайынан шамамен 40 әуе компаниясы тәулігіне 150-ден астам рейс жасайды. Жоба аясында транзиттік аймақтарды және жолаушылар терминалының ұшу залдарын кеңейту жоспарда бар. Бұл жолаушылар мен жүк тасымалдарының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Бұдан кейін ҚР Премьер-Министрі екінші деңгейлі банктердің басшыларымен және еліміздің қаржы секторының ірі қатысушыларымен кездесу өткізді.

Қатысушылар кеңес барысында бірқатар аса өзекті тақырыптарды талқылады, солардың ішінде Қазақстан Республикасында электронды сауданы дамытудың 2018-2020 жылдарға арналған Жол картасының жобасын, Зейнетақы қорының және Міндетті медициналық сақтандыру қорының активтерін басқару мәселелерін, сондай-ақ, жеке тұлғаларды цифрлық сәйкестендіру, қор нарығы және цифрландыру жағдайында сақтандыру нарығын дамыту мәселелерін талқылады.   
null

Кездесуде Қазақстанның Қаржыгерлер қауымдастығының кеңесі төрағасының м. а. Юлия Якупбаева, «Халық банкінің» басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова, ForteBank басқарма төрағасы Мағжан Әуезов, «Сбербанк Казахстана» басқарма төрағасы Александр Камалов, «Цеснабанк» басқарма төрағасы Ержан Тәжияқов, «БанкЦентрКредит» басқарма төрағасы Ғалым Құсайынов, SkyBridgeInvest инвестициялық компаниясының басқарма төрайымы Шолпан Айнабаева, RBK банкінің директорлар кеңесінің мүшесі Әнуар Сайденов, Еуразия банкінің басқарма төрағасы Павел Логинов, сондай-ақ, Қазақстан сақтандырушылары қауымдастығының бас директоры Виталий Веревкин сөз сөйледі.

ҚР Премьер-Министрінің жұмыс сапары аясында, 24 қазанда, бірқатар шаралар жоспарланған, олардың ішінде, «ЭЫДҰ-ның Еуразия апталығы - 2017: Бірге өркендеуге арналған ашық нарықтар» форумына қатысу, «Атамекен» кәсіпкерлердің өңірлік кеңесінің мүшелерімен шағын және орта бизнесті дамыту туралы кездесу, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының, өндірістік кәсіпорындардың жұмысымен және қаланың көлік жүйесін дамыту жоспарларымен танысу шаралары бар.

Айта кету керек, Бақытжан Сағынтаев Алматыны ел өңірлеріне жұмыс сапары аясында аралайды. Бұған дейін Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Атырау және Оңтүстік Қазақстан облыстарына жұмыс сапарымен барған еді.

Соңғы жаңалықтар