Бақытжан Сағынтаев: Жолдаудағы тапсырмалар толықтай орындалады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Елбасы Жолдауындағы тапсырмалар толықтай орындалатынын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, жалпы отырыста палата депутаттары «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңының жобасын талқылап, мақұлдады.

«Алдағы үш жылға арналған бюджет жобасын мақұлдап, дауыс бергендеріңізге алғысымды айтқым келеді. Сондай-ақ биылғы бюджеттің орны ерекше. Өйткені ол негізінен ағымдағы жылғы қазан айында Елбасының Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмаларды нақты орындауға бағытталған», - деп тоқталды Премьер-Министр.

Осы орайда Б. Сағынтаев бүгінде Үкіметте тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айта келе, бірінші кезеңде биылдың соңына дейін қабылданатын шешімдер, ал екінші кезеңде 2019 жылдың басында қабылданатын жүйелі шешімдер қамтылғанын жеткізді.

«Бұл бағытта негізгі жұмыстар іске асырылып жатыр. Алдағы уақытта Елбасы тапсырмаларының барлығы толығымен орындалады деп Сіздерді сендіргім келеді. Бүгін бюджет жобасын талқылау барысында депутаттар айтқан ескертулер мен ұсыныстар Үкіметте жеке қаралып, біздің жұмысымызда ескерілетін болады», - деп түйді Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин ең бастысы - бұл заң жобасында Елбасының биылғы Жолдауында айтылған барлық тапсырмаларды қаржыландыруға нақты қадам жасалғанын атап өтті.

«Ендігі басты міндет - ол осы бөлінген әрбір тиынды дұрыс пайдалану керек. Бұл еліміздің тұрақты дамуына ықпал етіп, әрбір отбасының, әрбір шаңырақтың өмір сапасын күшейтуге жаңа серпін беретін болады»,-деді Н. Нығматулин.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Ұлттық банк инфляцияны таргеттеу саясатын жалғастырады.

Сонымен қатар, Ұлттық банк басшысы теңгенің айырбас бағамына қатысты тәуекелдер туралы айтты.

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов еліміздің 2019-2023 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды.

Соңғы жаңалықтар