Бақытжан Сағынтаев: Жаңа аудан халқының өмір сүру деңгейін көтеру - абыройлы іс

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қала аудандарының әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысуды жалғастыруда. Бүгін ол жұмыс сапарымен Наурызбай ауданында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауданды аралаған кезде қала басшысы әкімшілік орталықта болды. Мұнда ол ауданды дамытудың перспективалық жоспарымен және негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен танысты. Наурызбай аудандық ХҚО келушілерімен мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру мәселесін талқылады.

Сонымен қатар, Алматы әкімі «Шұғыла» шағынауданында салынып жатқан тұрғын үй кешенін көрді. Ауланы аралаған кезде Б.Сағынтаев тұрғындармен тілдесті және алдағы болатын аппарат отырысында мөлтек ауданды абаттандыру мәселесі қаралатынын атап өтті.

«Нақты жоспар әзірлеудеміз. Оған жауаптыларды белгілейміз, олардың телефондары мен аты-жөндері жазылған тақтайшаларды ілеміз. Сол арқылы тұрғындар кімнің қай учаскеге тікелей жауапты екенін білетін болады. Өмір сүру үшін жайлы жағдай жасау - біздің басты міндетіміз», - деді Алматы әкімі.

Сонымен қатар, Бақытжан Сағынтаев «Ақсай» фильтр стансасында болды. Мұнда ол сумен қамтудың ағымдағы жағдайы мен жоспары туралы есепті тыңдады. Таусамалы, Ақжар, Құрамыс шағын аудандарында су тасымалын ұлғайтуды тапсырды.

«Аудан әлі жас, оның қалаға қосылғанына небәрі бес жыл толды. Мұндағы жеке сектор үлкен, адамдардың қала стандарты бойынша өмір сүргісі келеді. Сондықтан қазірден бастап тиісті басқарламалар мен аудан әкімдігі бірге осы бағыттар бойынша жұмысты күшейтуі тиіс», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Қала басшысы аудан әкімі Санжар Тоғайға бүгін берілген тапсырмалардың орындалу барысын күнделікті тексеруді және жұмыс жүріп жатқан учаскелерде үнемі өзі жүруді тапсырды. Қала әкімі Абай даңғылы бойын Яссауи көшесінен қала шекарасына дейін үңгілеу жұмысымен және Әшімов көшесінің қиылысына салынып жатқан жолайрығы құрылысының барысымен танысты.

Соңғы жаңалықтар