Бақытжан Сағынтаев пен Әділбек Жақсыбеков Шымкент активіне жаңа әкімді таныстырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев пен Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков Шымкенттің қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысты, деп хабарлайды primeminister.kz.

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Шымкент әкімі лауазымына Ғабидолла Рахметоллаұлы Әбдірахымовты тағайындау туралы ұсынысы жазылған Мемлекет басшысының қалалық мәслихат депутаттарына жолдаған хатын оқып берді. Депутаттар Президент ұсынған кандидатураны бірауыздан қолдады.

Ғ. Р. Әбдірахымов 1975 жылғы 23 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Экономика және мемлекеттік басқару саласында екі жоғары білімі бар. Қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдерін меңгерген. Әр жылдары жауапты басшылық қызметтер атқарған. ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікті, ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігін басқарған, Премьер-Министр Кеңсесінің меңгерушісі, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары, Шымкент қаласының әкімі болып қызмет еткен. Соңғы лауазымы - «Нұр Отан» партиясының хатшысы.

Қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясының қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пен ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков қала активімен кездесу өткізіп, жаңа әкімді таныстырды.

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының шешімімен, Астана және Алматы қалаларымен қатар, Шымкент қаласы бір миллионнан астам халқы бар Қазақстан қалаларының қатарына қосылғанын еске салды.

Бүгінгі таңда Шымкент - қарқынды дамып келе жатқан өңір, мұнда ШОБ-ты, туризмді, көлік және логистиканы дамытуға барлық жағдайлар жасалған. Шымкент бұдан былай Түркістан облысымен қатар үлкен агломерацияға айналып, өңір экономикасын жаңа деңгейге шығаруы тиіс.

Таныстыру барысында Премьер-Министр Ғ. Әбдірахымовтың түрлі жауапты басшылық лауазымдардағы, соның ішінде Шымкент қаласы әкімі қызметіндегі үлкен жұмыс тәжірибесін атап өтті.

Б. Сағынтаев жаңа әкім Мемлекет басшысының сенімін ақтайтынына сенім білдірді.

Қала жұртшылығы атынан зейнеткер Алданазар Құрманбеков сөз сөйледі.

«Қазақстан тәуелсіздік алған кезден бері Шымкент қаласы дамыған инфрақұрылымы бар ірі өнеркәсіптік мегаполис ретінде қалыптасты. Қаланың жаңа мәртебесін ескерсек, бұдан да үлкен жетістіктерге қол жеткізілетіні сөзсіз. Бұл үшін біз Елбасына шексіз алғысымызды білдіреміз», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар