Бақытжан Сағынтаев Павлодардағы денсаулық сақтау саласының жай-күйімен танысты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Павлодар облысына жасаған жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев медициналық жедел жәрдем станциясына барып, мамандармен медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру жайын талқылады, деп хабарлайды primeminister.kz.

Бақытжан Сағынтаев медицина нысаны жұмысы негізінде өңірдегі денсаулық сақтау саласының цифрландыру барысымен танысты. Жедел жәрдем бригадаларының жұмысын үйлестіруге көмектесетін медициналық құрылғыларды қарап шықты. Бүгінде медицина ұйымына 12 жоба енгізілген. Олардың ішінде басқару мен жұмыс орнының автоматтандырылған жүйесі, электронды медициналық карта, навигациялық жүйе, науқасқа тезірек жету үшін бригадаларды барлау, ЭКГ-ны қашықтан өту сынды ыңғайлы жаңашылық бар. Сонымен қатар, арнайы телемедицина мен интерактивтік оқу орталығы жұмыс істейді. Мекемеде адам өміріне араша түсіп жүрген 1044 қызметкер биылғы сегіз ай ішінде 177 мың шақыртуға шыққан. 

Медициналық жедел жәрдем мекемесінің жұмысымен танысқан соң, Б. Сағынтаев облыстың медицина саласы қызметкерлерімен көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру жайында кеңес өткізді. Әсіресе, дәрімен қамтамасыз ету, олардың бағасы мен медицина инфрақұрылымы және мамандар біліктілігі қызу талқыланды. Бала мен ана денсаулығын қорғау тақырыбына ерекше көңіл бөлінді.

Денсаулық сақтау саласын дамыту аясында қолға алынып жатқан шаралар туралы Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы О. Мұқашев баяндап берді. Кездесу қатысушылары: бас дәрігерлер, жедел медициналық көмек қызметкерлері және облыстың денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік және жекеменшік мекемелерінің қызметкерлері өз сөздерінде саланың өзекті мәселелерін қозғады. Павлодар қаласының №5 емханасының дәрігері А. Низамутдинова медицина қызметкерлерінің еңбек ақы мәселесін көтерді. Облыстың жедел жәрдем станциясының дәрігері А. Ермек трассалық медициналық-құтқару пунктілерінің жұмысы туралы сөз сөйледі. Павлодар ауданы емханасының дәрігері Г. Қайырбаева медицина кадрларымен қамтамасыз ету туралы айтты. Сирек кездесетін аурулар кезінде дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселесін Павлодар облыстық кардио орталығының кардиологы Г. Мұқанова қозғады. Павлодар облыстық кардиологиялық орталығының кардиохирургы А. Антикеев жоғары технологиялық медициналық қызметтерді ұсыну туралы айтып өтті. Ал №1 емхана дәрігері А. Исеева өз сөзінде денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру процесіне тоқталып өтті.

Қазіргі таңда Павлодар облысында 118 медициналық ұйым жұмыс істейді, оның ішінде мемлекеттік ұйымдар саны - 42, жеке меншік нысан үлесі - 64,4% (76). 2017-2018 жылдардың қорытындысы бойынша МЖӘ, жекешелендіру, сенімді басқару тетіктері арқылы 7 медициналық ұйым бәсекелі ортаға берілді. Облыстың медицина ұйымдарында 8 500-ден астам адам, олардың ішінде 2200 дәрігер және 6 300 орта медицина қызметкері жұмыс істейді.

Осы жылдың басынан бері МЖӘ аясында денсаулық сақтау нысандарын медициналық жабдықпен жабдықтау және жаңғырту мақсатында екі жоба жүзеге асырылды. Инвестициялар көлемі 800 млн теңгені құрады. Жыл соңына дейін 1,1 млрд теңгеге төрт жоба іске асырылады. Жеке инвестициялардың көлемі жылына 1,9 млрд теңгені құрайды. Осылайша, 2017-2018 жылдарға арналған инвестициялар 4,1 млрд теңгені құрайды.

МЖӘ аясында Павлодар қаласының №1 қалалық ауруханасында, Екібастұз қалалық ауруханасында және Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық ауруханада компьютерлік томографтар орнатылды. Бұл инсультке ертерек диагностика жасауға және оны уақытылы емдеуге мүмкіндік берді, ал бұның нәтижесінде - өлім-жітім көрсеткіші 13%-ға төмендеді. Цифрландыруды енгізу құжаттаманы толтыру уақытын қысқартуға, емделушіні қарау уақытын ұлғайтуға және алғашқы диагностика сапасын арттыруға жол ашты.

Дәрігерлердің қойған сұрақтарына Премьер-Министр Б. Сағынтаев, Премьер-Министрдің орынбасары А. Жұмағалиев және денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов түсініктеме беріп өтті. Кездесудің қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев денсаулық сақтау министрі Е. Біртановқа және облыс әкімі Б. Бақауовқа медицина қызметкерлерінің біліктілігін жоғарылату және ұсынылатын медициналық қызметтердің сапасын арттыру бойынша бірқатар шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды.

 

Соңғы жаңалықтар